Жансая Әбдімәлік әлемдегі үздік 100 шахматшының қатарында

Жансая Әбдімәлік әлемдегі үздік 100 шахматшының қатарында

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік өзі алғаш қатысқан Tradewise Gibraltar Chess Festival атты шеберлер турнирінде 89 орыннан көрінді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Жарыстың 10 турынан кейін ол 5,5 ұпайға ие болды. Ал қорытынды партияда 14 жасар қазақстандық қыз әйелдер арасындағы ФИДЕ рейтингісінде төртінші орындағы словениялық Анна Музычукпен тең ойын көрсете білді. Сондай-ақ ол турнир кезінде литвалық Виктория Цмилите және Александр Лендерман (АҚШ) сияқты әлемдегі ең мықты гроссмейстерлермен күш сынасты.

Әбдімәлікпен қатар 5,5 ұпайға ие болғандардың арасында Анна Музычук және ресейлік Наталья Погонина сияқты тағы да 11 гроссмейстер бар. Ал турнир жеңімпазы болып болгариялық шахматшы Иван Чепаринов танылды. Ол қосымша өткен партияда осы турнирдің өткен жылғы жеңімпазы ресейлік Никита Витюговтан басым түсті.

Айта кетейік, Tradewise Gibraltar Chess Festival турнирі осымен 12 мәрте ұйымдастырылып отыр. Ол әр жылы әлемдегі ең мықты ерлер мен әйелдер арасындағы гроссмейстерлердің басын қосады. Мысалы биылғы жылғы жарысқа Василий Иванчук пен Гата Камский сияқты атақты спортшылар қатысты.

Сонымен қатар, Жансая Әбдімәлік әйелдер арасындағы ФИДЕ жаңарған рейтингісінде алғаш рет әлемдегі үздік жүз шахматшының қатарына кіріп, 89 орыннан көрінді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет