«Барселона» мен «Реал» ұпай жоғалтты

О Сансызбай Корреспондент
«Барселона» мен «Реал» ұпай жоғалтты

Испания. Ла-Лига

БӨЛІСУ

Кеше өткен Испания Ла-Лигасының 22 тур қорытындысы бойынша мадридтік «Атлетико» көш бастады. Диего Симоне командасы басты қарсыластарынан 3 ұпайға озды. Ал каталондық «Барселона» мен мадридтік «Реал» ұпай жоғалтты.

Сенбі күні «Камп Ноуда» алаң иелерін «Валенсия» командасы жеңіп кетті. Көптен бері жеңіске жетпей жүрген валенсиялық ұжым бар күшін «Барсаға» сақтап жүргендей сыңай танытты. Алғаш болып күтпеген соққысымен есеп ашқан Алексис Санчес болды. Кейіннен есептегі тізгінді «Валенсия» қолға алды. 77 минутта Жорди Альба екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Кездесудегі есеп 2:3. Херардо Мартино командасы бұл маусымдағы екінші жеңілісіне ұшырады.

«Барселонаны» алғаш ұтқан «Атлетик» болатын. Бұл жолы бильбаолық команда мадридтік «Реалдан» ұпай еншіледі. Кездесудегі есепті 64 минутта Роналдудың тамаша пасынан кейін Хесе ашқан болатын. Алайда 75 минутта алаңға кіре салып қақпаны нысанаға алған Ибай Гомес есепті теңестіріп кетті. Осылайша 2014 жылы өз қақпаларына гол жібермеген «корольдік клуб» рекордына нүкте қойылды. Араға бірнеше минут сала Криштиану Роналду алаңнан қуылды. «Атлетиктің» айып алаңына жақын маңда орын алған қақтығыстан кейін төреші португалдық футболшыны осылай жазалады. Енді «Барселона» мен «Реал» ұпайлары теңесті. Ал мадридтік «Атлетико» өз алаңында «Реал Сосьедадты» 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, жеке-дара көш бастады.

Ағылшын премьер-лигасы

«Арсенал» өз алаңында «Кристалл Пэласты» жеңгеннен кейін ағылшын премьер-лигасының көшін бастап тұр. Ал бір кездесуі кем «Манчестер Сити» бүгін «Челсимен» 3 ұпайды сарапқа салады. Егер Мануэль Пеллегрини командасы жеңіске жетіп жатса, «канонирлер» өз орнын босататын болады.

«Қызыл сойқандар» 24-ші турда тағы да жеңіліс тапты. Сырт алаңда «Сток Ситимен» шеберлік сынасқан Дэвид Мойес командасы 2:1 есебімен алаң иелеріне есе жіберді. «Манчестер Юнайтед» сапындағы жалғыз голды соққан ван Персиге жақында ғана клуб қатарын толықтырған Хуан Мата нәтижелі пас шығарды.

«Эвертон» командасы 3 ұпайды еншілеп, алғашқы «төртікке» жақындай түссе, «Ливерпуль» 2 ұпайынан айырылды. «Тоттенхэм» сырт алаңда «Халл Ситимен» тең нәтиже көрсетті. Бүгінгі өтетін «Манчестер Сити» мен «Челси» кездесуі тартысқа толы болмақ.

Бундеслига.

Айқын көшбасшы мюнхендік «Бавария» екені анық. Хосеп Гвардиола шәкірттері бұл турда да білгенінен жаңылған жоқ. Өз алаңында франкфурттық «Айнтрахтты» 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Сонымен қатар, «Байер», «Боруссия Д» және «Шалькеде» ұпайларын еселей түсті.

Франция біріншілігі. Лига 1

23 тур қорытындысы бойынша «ПСЖ» басты қарсыласы «Монакодан» 5 ұпайға ұзап шықты. Ал «Лилль» сырт алаңда «Ниццаға» есе жіберді. Радамель Фалькаосыз қалған «Монако» қонақта «Лорьянмен» тең нәтиже көрсетті. «Марсель» өз алаңында «Валансьенді» 2:1 есебімен ұтты.

Италия. Серия А.

Италия біріншілігінің 22 тур ойындары қызықты өтті. Орталық кездесу саналған «Ювентус» пен «Интер» ойынында туриндік команданың мысы басым болды. Ал «Милан» өз алаңында «Ториноны» жеңе алмады. «Рома» мен «Парма» ойыны жаңбыр қатты жаууынан кейінге шегерілсе, неапольдық «Наполи» қонақта «Аталантадан» 3:0 есебімен ойсырай жеңілді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru; footballhd.ru; m.hln.be