Қазақстан жастары Латвияны жеңді

Қазақстан жастары Латвияны жеңді

Футболдан Санкт-Петербургтегі «Достастық Кубогы – 2014» халықаралық турнирінің 5-8 орындарына талас жүргізіп жатқан Қазақстан жастар құрамасы Латвияны тізе бүктірді.

Саулюс Ширмялис шәкірттері Латвиямен бір топта өнер көрсеткен болатын. Яғни ол кездесуде қос ұжым бір-бірінің қақпа саңылауларын таба алмаған-ды. Бұл жолы еліміздің жастары мықтылығын танытты. Есепті 13 минутта Бауыржан Исламханның пасын сәтті пайдаланған «Атырау» командасының қорғаушысы Кирилл Пасичник ашты. 29 минутта «Шахтер» шабулшысы Роман Мұртазаев есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда араға 5 минут сала Латвия жастары есепті қысқарта алды. Екінші таймда да Қазақстан жастар құрамасы сауатты ойын өрнегімен көзге түсе білді. Ойын соңына қарай есепті теңестіруді ойлаған қарсыластар жерлестеріміздің қарымта шабуылына тап болып, кезекті допты қақпаларында тулатып алды. Кездесудің нүктесін қойған допты Аслан Рафкат соқты. Осылайша 3:1 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан жастар құрамасы 2 ақпан күні Санкт-Петербург жастарымен 5-ші орынға талас жүргізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 15:15-те басталады.

Естеріңізге сала кетсек, Саулюс Ширмялис командасы ширек финалда Ресей жастарына есе жіберіп алған болатын.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай