Головкин кездесу алдындағы соңғы дайындығын жүргізуде

Головкин кездесу алдындағы соңғы дайындығын жүргізуде

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Монакоға келіп жетті. Бұл жөнінде боксшының промоутері Том Леффлер өзінің Туиттеріндегі микроблогында жазды. Дәл осы бір әлемнің ең көркем елдерінің бірінде ол өзі иелік ететін WBA және IBO ұйымдарының чемпиондық алтын белбеулерін кезекті мәрте қорғау үшін рингке көтерілетін болады. 

2

Гена өзінің титулдық кездесуін Монаконың ойын-сауық орталық ауданы саналатын Монте-Карлода Гана елінің үміті Осумана Адамаға қарсы өткізбек. Бұл жекпе-жек әлемнің 125 еліне таратылады екен. Осыған қарап-ақ Головкиннің әлемдік бокс аренасындағы беделінің қаншалықты жоғары екендігіне көзімізді жеткізсек болады. Қазақ елінің бокс сүйер жанкүйерлері үшін кездесуді «Қазақстан» және KazSport арналары тікелей эфирден көрсетпек.

Головкин – Адама арасындағы кездесуде пуэторикалық Луису Паону бас төреші қызметін атқарса, ринг сыртында боксшыларды ұпай санымен оңтүстікафрикалық Стэнли Христодулу, бельгиялық Филипп Вебеке және поляк Лешек Янковиак бағалайтын болады. Жекпе-жек супервайзері - Майк Макалинан.  

1

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинге осы кеште қарсыласы атанатын 33 жасар ганалық Осумана Адама егер қазақстандықты жеңер болса, ол өзін бүкіл Африка құрлығының президенті ретінде сезінетінін айтыпты:   

«Егер мен бұл жігітті жеңер болсам, өзімді Африка президенті ретінде сезінетін едім. Қазір Африкадағы бокс деңгейі төмен, егер мен бұл жігіттен басым түссем, әлемдегі ең мықты боксшылар африкалықтар екендігін дәлелдеймін. Сондықтан да бұл кездесудің бүкіл Африка құрлығы үшін маңызы зор. Ал мен өз тарапымнан халқымның сенімін ақтайтын боламын. Барлық боксшылар ерте ме, кеш пе бір жеңілетіні анық. Ал 1 ақпан - Головкин үшін өз мансабына тұңғыш жеңіліс жазылатын күн ретінде қалатын болады. Менің басты ерекшелігім – Головкиннен еш сескенбеймін. Ал оның көпшілік қарсыластары рингке көтерілмей жатып-ақ өз үрейімен күресіп әлек болды. Мен еш қашпақ емеспін. Керісінше Геннадийді кездесу басталысымен-ақ тығырыққа тірейтін боламын.»

Айта кетейік, 1 ақпан күні Головкин өзінің 2014 жылға жоспарлаған төрт кездесуінің алғашқысын өткізеді. Оның екінші кездесуі (Гена үшін 30-шы саналатын) 26 сәуір күні Нью-Йорктің (АҚШ) атақты Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған. Қарсыласының кім болатыны әзірге белгісіз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: GGG vk.vom

Б. Қосмағамбет