Қазақстан соңғы себеттен орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан соңғы себеттен орын алды

Футболдан 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу алдындағы жеребенің себеттері белгілі болды. Қазақстан құрамасы ең соңғы себеттен орын алған.

БӨЛІСУ

Осыған дейін telegraph.co.uk хабарлауы бойынша, жарыс иегері саналатын Франция ұлттық құрамасы іріктеу кезеңіне қатысуы мүмкін деген болатын. Жаңа ғана мәлім болғандай, жақында өзінің футбол тарихында алғашқы кездесуін өткізген Гибралтар құрамасы дода іріктеуіне енді. Енді топтардағы құрамалар саны 6 болып толығып отыр. Франция құрамасы іріктеу сынына тәжірибе немесе дайындық ретінде қатыспай-ақ, жарыс иегері ретінде қатыса береді.

54 ұлттық құрама іріктеу сынына түсетін аламанда, әр топтың бірінші және екінші орын ұжымдар автоматты түрде Еуропа чемпионатына жолдама алады. Топтар арасында үздік көрсеткішпен үштікті қорытындылған құрама да осы қатардан табылмақ. Қалған сегіз ел құрамасы 4 жолдамаға талас жүргізетін болады. Ал саяси жүйеге байланысты іріктеу кезеңінде Армения мен Әзірбайжан, Ресей мен Грузия, Испания мен Гибралтар бір топта ойнамайды деген шешім қабылданған.

Футболдан қазіргі таңда бас бапкерсіз қалған Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы себеттен орын алып отыр. ФИФА рейтингінде 128-ші орында келе жатқан ел футболшыларына жаңа бапкер жақын күндері сайланады деген ақпар бар.

Жеребе алдындағы себеттерге бөлінген құрамалар төмендегідей:

Бірінші себет: Испания, Германия, Нидерланды, Италия, Англия, Португалия, Грекия, Ресей, Босния және Герцеговина;

Екінші себет: Украина, Хорватия, Швеция, Дания, Швейцария, Бельгия, Чехия, Венгрия, Ирландия;

Үшінші себет: Сербия, Түркия, Словения, Израиль, Норвегия, Словакия, Румыния, Австрия, Польша;

Төртінші себет: Черногория, Армения, Шотландия, Финляндия, Латвия, Уэльс, Болгария, Эстония, Белоруссия;

Бесінші себет: Исландия, Солтүстік Ирландия, Албания, Литва, Молдова, Македония, Әзірбайжан, Грузия, Кипр;

Алтыншы себет: Люксембург, Қазақстан, Лихтенштейн, Фарер аралдары, Мальта, Андорра, Сан-Марино, Гибралтар;

Бір себеттегі құрамалар бір топқа түспейді

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылғы Францияда өтетін Еуропа чемпионатына 24 команда қатысады. Ал жеребе тастау рәсімі келер айдың 23-де Ницца қаласында өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com