Astana Arlans vs Russian Boxing. Командалар құрамы белгілі болды

Astana Arlans vs Russian Boxing. Командалар құрамы белгілі болды

Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) матчтарының кезекті кездесуі Astana Arlans пен Russian Boxing арасында өтеді. Елордалық клуб ең мықты құраммен шаршы алаңға шығады деп күтілуде, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Сонымен 1 ақпан күні кездесетін қос команданың құрамымен таныс болыңыз. Бірінші болып рингке жеңіл салмақтағы (49 келіге дейінгі) боксшылар көтеріледі. Астаналық «арландар» атынан Азамат Исақұлов WSB матчтарындағы алғашқы кездесуінде Белик Галановке қарсылас атанады.

56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мейірболат Тойытов ресейлік боксшы Эдуард Абзалимовпен жұдырық түйістірсе, 64 келіге дейін Асхат Уәлиханов Григорий Лизуненкомен күш сынасады. Ал орта салмақта (75 келіге дейінгі) WSB жарысының үздік боксшысы саналатын украиндық Сергей Деревянченко Петр Хамуковтан айласын асыруға тырысып бағады. Кездесуді ауыр салмақтағы (91 келіге дейінгі) боксшылар қорытындылайды. Astana Arlans клубынан биылғы маусымда еш жеңіліс көрмеген Василий Левит ресейлік Алексей Егоровке қарсылас атанады.

Осыған дейін екі клуб бір-бірімен жарыстың алғашқы айналымы кезінде Санкт-Петерборда жолыққан еді. Сол кезде қазақстандық команда қарсыластарын 3:2 есебімен жерге қаратқанын да айта кетейік.

Естеріңізге салсақ, Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында Astana Arlans өзінің соңғы өткізген кездесуінде қонақта әзірбайжандық Baku Fires командасынан 1 есебімен ұтылып қалған болатын. Қазір «арландар» алты кездесуден кейін өз тобында екінші келеді. Ресейлік клуб үшінші болса, топ басында Cuba Domadores тұр.

Astana Arlans пен Russian Boxing клубтары арасындағы жекпе-жек 1 ақпан күні, сағат 19:30-да Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: besmart.kz

Б. Қосмағамбет