Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

О Сансызбай Корреспондент
Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

Плиев «Қайратты» таңдады

БӨЛІСУ


2011 жылғы маусымда «Астана» командасы сапында ойнаған мәскеулік «Динамо» клубының түлегі Зауырбек Плиев алматылық «Қайраттың» қатарын толықтырды. Ол осыған дейін елордалық командаға қайта оралады деген ақпараттар тараған еді.

Владикавказдық «Алания» командасынан келген Зауырбек Плиев пен «Қайрат» командасы басшылығы үшжылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланды. Немістің Transfermarkt.de сайтының мәліметінше, футболшының құны 500 мың еуроға бағаланып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін владикавказдық «Аланияның» тағы бір ойыншысы бразилиялық Данило Неко 2013 жылғы ел чемпиондары «Ақтөбе» командасына ауысқан болатын.

«Шахтер» босниялық шабуылшымен толықты

 

Қарағандылық «Шахтер» босниялық шабуылшы Михрет Топчагичпен екіжылдық келісімшартқа қол қойды. Осыған дейін Австрия бундеслигасындағы «Вольфсберг» клубында ойнаған футболшы «кеншілер» қатарында тоғызыншы нөмірмен алаңға шығатын болды. Немістің Transfermarkt.de сайтының ақпаратына сүйенсек, «Шахтер» футболшы үшін 300 мың еуро төлеген.

«Ақтөбе» украиналық клубпен тең түсті


Владимир Никитенко жаттықтыратын батысқазақстандық команда украиналық «Волынь» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Таблодағы есепті алғаш болып 72 минутта  луцкілік команданың шабуылшысы Козьбан өзгертті. Ойын соңына қарай «Ақтөбенің» жас ойыншысы Дидар Жалмұқан ойындағы есепті теңестірді.

Ел чемпиондары келесі кездесуін ресейлік «Луч-Энергия» клубымен өткізсе, 9 ақпан күні минскілік «Динамомен» ойнайды.

«Тараз» швейцариялық команданы жеңді

 

Арно Пайперс жаттықтыратын тараздық команда Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары барысында Швейцарияның екінші дивизионында өнер көрсететін «Винтертур» командасын жеңді. Жолдастық кездесудегі жеңіс голын жерлестеріміздің сапынан Тимур Досмағамбетов соқты. Енді клуб келесі кездесуін Украинаның Запорожье қаласының командасы «Металлургпен» өткізеді. Сонымен қатар, мәскеулік «Торпедомен» ойнауды да жоспарлауда.

«Тобыл» «Нефтчиден» ұтылды


Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүрген қостанайлық команда Бакудың «Нефтчи» командасынан жеңіліс тапты. Жолдастық кездесудегі есеп 4:2 нәтижесімен әзірбайжандық клубтың пайдасына шешілді. Бұл Сергей Масленов баптайтын команданың жолдастық кездесулердегі қатарынан үшінші жеңілісі болып отыр.

«Оқжетпес» те ойсырай жеңілді

Өткен маусым қорытындысы бойынша бірінші лигаға түсіп қалған көкшетаулық «Оқжетпес» дайындығын шыңдау мақсатында ресейлік «Терек» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, ойсырай ұтылды. Ойын 6:1 есебімен грозныйлық команданың пайдасына шешілді. Қазақстандық команданың қатарынан бір допты Әлібек Бөлешов соқты.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sports.kz, vk.com, vesti.kz