Головкин атышулы Мейвезерге қарсылас атануы мүмкін бе?

Головкин атышулы Мейвезерге қарсылас атануы мүмкін бе?

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий (GGG) Головкин барлық салмақтағы әлемнің үздік боксшысы саналатын америкалық Флойд (Money, ауд.-«Ақша») Мейвезермен (45 кездесуде 45 жеңіс, 0 жеңіліс, 26 нокаутпен) кездесу басты арманы екендігін мәлімдеді. Бұл туралы BoxingNews24.com хабарлайды.

Головкин «Бұл кездесудің болуы мүмкін бе?» деген сұраққа былайша жауап берді: «Әбден мүмкін. Бұл менің арманымдағы жекпе-жек. Меніңше, бұл бокс жанкүйерлері, телекөрермендер мен басқалары үшін де қызыққа толы кездесу болар еді. Алайда мен HBO арнасымен жұмыс жасасам, Флойдтың Showtime-мен келісімі бар (Америкалық қос телеарна HBO мен Showtime спорт бизнесі жолында бәсекелес және бітіспес қарсыластар. Мысалы, егер екі боксшының әрқайсысының аталған телеарналармен келісімі болса (тек сол арнада ғана жұдырықтасу жөнінде), онда промоутерлер үшін екіжақты ортақ келісімге келтіру қиынның қиыны,-автор). Бірақ промоутерімнен сұрағанымда, ол (Том Леффлер,-автор) кездесудің орын алуы мүмкін екендігін айтты. Мен де дәл солай болады деп үміттенемін».

Айта кетейік, Флойд Мейвезер қазіргі таңда әлемдік бокстағы ең көп қаржы табатын спортшылардың көшін бастап тұр. Оның бір жекпе-жек үшін алатын сыйақысы (телеарналардан түсетін бонустарды қоспағанда) 20-25 миллион АҚШ долларынан кем болмайды.

1

Флойд Мейвезер

Осыған дейінгі ақпараттарда Головкин америкалықпен қолғап түйістіру үшін салмақ тастауға да дайын екендігін хабарланған еді. Алайда Флойдқа әкесі (боксшының жеке бапкері) не себепті екендігі белгісіз, қазақстандықпен кездесудің қажеті шамалы екендігін де ашық айтқан болатын. Ал Флойд Мейвезердің өзі болса осыған дейін 2015 жылдың қыркүйегіне қарай спортпен қош айтысатынын мәлімдеп үлгерді.

Қазір Геннадий Головкин ганалық Осумана Адама қарсы 2014 жылдағы алғашқы кездесуіне қызу дайындық үстінде. Айта кетейік, бұл жекпе-жек 1 ақпан күні Монако князьдігінде өтеді. Ал одан кейінгі кездесу 26 ақпан күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өтетінін хабарлаған болатынбыз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: boxingscene.com, celebritynetworth.com

Б. Қосмағамбет