2014 жылғы премьер-лига жүйесі талқыланды

2014 жылғы премьер-лига жүйесі талқыланды

Қазақстан футбол федерациясының кеше кезекті отырысы болып өтті. Отырыс қорытындысы бойынша алдағы маусым ойындары туралы шешімдер шығарылды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы сайты хабарлап отыр.

Кезекті отырыс шешімімен 2015 жылғы маусымда ел премьер-лигасында 10 футбол клубы бақ сынайтын болды. Бұл туралы осыған дейін де хабарлаған болатынбыз. Сол ақпаратта кәсіби ел футболы лигасының төрағасы Михаил Гурман аталған жүйе туралы, "саннан гөрі, сапаға көшкен дұрысырақ" деген болатын. Осы жылғы маусым қорытындысы бойынша 3 бірдей команда біріншілікпен қош айтысады. 11 мен 12-ші орын алған командалар премьер-лигадан шықса, 10-шы орын алған ұжымның орнына бірінші лигадан бірінші орын алған клуб келіп қосылады.

Әр клуб жеті легионерге дейін өз саптарына қабылдай алатыны сол күйінде қалды. Жеті ойыншыда ойынға қатысу құқығына ие бола алады. Алайда алаңда тек бесеуі ғана бір мезетте ойнауға болады. Бірінші лигада да клуб құрамы үш легионер қабылдай алады.

Қазақстан Республикасы бірінші лигасында 16 клуб өнер көрсетеді. Олардың күнтізбесі алдағы уақытта шығады. Ал біріншілік 6 сәуір мен 8 қараша аралығында өтеді. Дода қорытындысы бойынша, ең соңғы орын алған команда екінші лигаға түседі. Екінші лиганың көшін бастаған клуб бірінші лигаға өтетін болады.

Премьер-лига клубтарының жастары (дубль) ойындары бұрынғыдай қалыпта қалатын болды. Олардың ойындары негізгі құрам кездесулері алдында өтеді. Мұндағы жалғыз өзгеріс – ойыншы алмасуы жетіден беске қысқарды.

Қазақстан Кубогы жолындағы тартыстағы жүйе де өзгертілмеді. Тартыс бес кезеңнен тұрады. Жартылай финалға дейін жеңімпаздар бір ойын нәтижесімен анықталады. Жартылай финалдан бастап жеңімпаз екі кездесу бойынша белгілі болады. Алғашқы кездесулер 23-ші сәуір күні басталады.

2014 жылғы ел премьер-лигасы жүйесі де 2013 жылғы маусым секілді екі кезеңнен тұрады. 12 клуб екі айналым қорытындысы бойынша, екі алтылыққа бөлінеді. Алғашқы алтылық жеңімпаздарды анықтаса, екінші алтылықта премьер-лигада қалу мәселесі шешіледі. Екінші кезеңді командалар алғашқы екі айналым қорытындысы бойынша жинаған ұпайларының тең жартысымен бастайды.

2014 жылғы ел футболы маусымы 9 наурыз күні ел Суперкубогы ойынымен басталады. Ал 15 наурызда бірінші тур ойындары өтеді. Премьер-лиганың алғашқы кезеңі 3 тамызда мәресіне жетсе, екінші кезеңі 23 тамыз күні қайта бастау алады. Дәстүр бойынша 2014 жылғы маусым 22 қараша күні Қазақстан Кубогы финалымен аяқталады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін 2014 жылғы ел премьер-лигасының күнтізбесі шыққанын хабарлаған болатынбыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: archive.sportinfo.kz

Ө. Сансызбай