Головкиннің кезекті айқасы MSG кешенінде өтетін болды

Головкиннің кезекті айқасы MSG кешенінде өтетін болды

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкиннің кезекті 30-шы кездесуінің өтетін жері белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz  тілшісі.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, жекпе-жек 26 сәуір күніне жоспарланған. Сонымен Sports Illustrated журналисті Крис Мэникстің (Chris Mannix) таратқан хабары бойынша, Генаның жекпе-жектерін ұйымдастырумен шұғылданатын K2 промоутерлік компаниясы дәл осы күнге Нью-Йорктегі аты аңызға айналған Madison Square Garden (MSG) көп салалы кешенін жалға алған екен. Яғни Головкин өткен кездесуіндегі (Кертис Стивенспен болған) орнын қайта таңдаған болып шықты.

Әзірге Геннадий Головкинге сол күні қарсылас атанатын боксшының есімі белгісіз. Батыстық кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, ол Джеймс Киркланд болуы да мүмкін (32-1, 28 нокаут). Осыған дейін қазақстандық боксшыға мүмкін қарсыластар ретінде аты жер жарған Серхио Мартинес, Андре Уорд және Адонис Стивенсон сияқты боксшылар қарастырылған болатын. Алайда К2 әлі күнге дейін олардың ешқайсысымен ортақ келісімге келген жоқ.    

Ал Генаның өзі болса биылғы жылдың 1 ақпаны күні Монаконың Монте-Карло сауда, ойын-сауық ауданында өтетін ганалық Осумана Адамаға қарсы кездесуге қызу дайындық үстінде.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: thesweetscience.com

Б. Қосмағамбет