«Дакар - 2014» ралли-марафоны мәресіне жетті

«Дакар - 2014» ралли-марафоны мәресіне жетті

5 қаңтар үні Аргентинаның Росарио қаласында басталған «Дакар-2014» ралли-марафоны кеше Чилидің Вальпараисо қаласында мәресіне жетті.

Жол талғамайтын көліктер арасында испандық Хоан Нани Рома (MINI) жеңімпаз болып танылды. Чемпион мен екінші орын алған франуз Стефан Петерансель арасын небәрі 5 минут 38 секунд қиды. Үшінші орын катарлық Нассер Салех Аль-Аттияға (MINI) бұйырды. Ал бұл сында жерлесіміз «Proto Overdrive» автокөлігімен бақ сынаған Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы жалпы есепте 17-ші орынға тұрақтады. Қазақстандық пен жарыс жеңімпазын 12 сағат 33 минут бөлді. Екінші «Nissan» көлігімен жарысқа қатысқан қазақстандық экипаж Денис Березовский мен Игнат Фальков жарысты 37-ші орынмен аяқтады.

Ауыр жүк көліктері арасында ресейлік Андрей Каргинов топ жарды. Екінші орын голландиялық Жерар де Ройға бұйырса, үштікті тағы бір ресейлік "КАМАЗ-мастер" экипажы Эдуард Николаев қорытындылады. Ал бұл сында еліміздің намысын қорғаған Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек («Tatra») экипажы 14-ші орынды қанағат тұтты. Жарыс жеңімпазы арасын 15 сағат бөлді.

"Дакар-2014" ралли-марафонының мотоцикл сайысында испандық Марк Кома («КТМ») жеңімпаз шықса, квадроциклдер жарысында чилилік Игнасио Касале («Yamaha») чемпион атанды.

Естеріңізге сала кетсек, 35-ші рет ұйымдастырылып отырған «Дакар» ралли-марафоны алтыншы жыл қатарынан Оңтүстік Америкада байрағын желбіретті. 2014 жылғы бұл дода Аргентина, Боливия және Чили елі аумақтарын басып өтті.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: almrally.ru

Ө. Сансызбай