Ардавичус экипажы екі саты көтерілді

О Сансызбай Корреспондент
Ардавичус экипажы екі саты көтерілді

Чилиде "Дакар-2014" ралли-марафонының 11 кезеңі мәресіне жетті. Ауыр жүк көліктері арасында Ардавичус экипажы екі сатыға көтерілді.

БӨЛІСУ

Жол талғамайтын көліктер арасында француз Стефан Петерансель («MINI») топ жарды. Екінші болып катарлық Нассер Салех Аль-Аттия келсе, үшінші болып мәре сызығын испандық Хоан Нани Рома кесті. «Proto Overdrive» автокөлігімен бақ сынайтын Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко 11-ші кезеңді 21-ші орынмен қорытындылады. Ал Денис Березовский мен Игнат Фальков 41-ші сатыдан көрінді.

Ауыр жүк көліктері арасында нидерландылық Жерар де Рой («Ивеко») бірінші болып келді. Ол барлық жолды 4 сағат 10 минут 24 секундта басып өтті. Екінші орын «КАМАЗ-мастер» экипажы ресейлік Андрей Каргиновқа бұйырды. Үшінші орын да оның жерлесі Эдуард Николаев еншісінде қалды. Ал қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек («Tatra») экипажы 12-ші орыннан көрінді.

Жалпы есепте жол талғамайтын көліктер арасында Айдын Рахымбаев пен  Владимир Демьяненко экипажы 18-ші сатыда болса, Денис Березовский мен Игнат Фальков жұбы 37-ші орында келеді. Ал ауыр жүк көліктері арасында Ардавичус бастаған жігіттер 2 саты жоғарылап, 14-ші орынға көтерілді.

Бүгін Ла-Серена мен Вальпараисо арасын жалғайтын «Дакар-2014» ралли-марафонының соңғы кезеңі өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com