Дакар-2014. Он бірінші күн

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Дакар-2014. Он бірінші күн

Эль-Сальвадорда «Дакар-2014» ралли-марафонының 11 кезеңі мәресіне жетті. Бұл кезең Антофагастан бастау алған еді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Жол талғамайтын көліктер арасында кезең жеңімпазы болып 5 сағат, 58 минут уақытын көрсеткен аргентиналық Орландо Терранова танылды (MINI). Екінші орын MINI көлігінің тағы да бір өкілі испандық Хоан Нани Ромаға тиді (+10:57), ал үшін орынға Toyota көлігін басқарған оңтүстікафрикалық Джиниэл де Вильерс (+12:38) ие болды. Қазақстандықтар арасында үздік уақыт көрсеткішін Т2 тобындағы Nissan мінген Денис Березовский мен Игнат Фальков көрсетті. Олар 9 сағат, 24 минут және 50 секунд көрсеткішімен мәреге 45-ші болып келді. Ал Proto Overdrive көлігіндегі Айдын Рахимбаев пен Владимир Демьяненко экипажы 11 сағат, 44 минут және 8 секунд уақытымен, 51-ші орынға табан тіреді.

Жалпы есепте француз Стефан Петерансельден бес жарым минут алда келе жатқан Рома көш бастап тұр. Рахимбаев пен Демьяненко жұбы 11 орыннан 18-ге құлдырады. Олар енді топ басындағы Ромаға он бір жарым сағаттай қалып келеді. Березовский мен Фальков болса 35 орында. Айта кету керек, Т2 тобында Березовский экипажы төртінші орында келеді.

Жүк көліктері арасындағы сында ресейлік «КАМАЗ-мастер» автошабандозы Андрей Каргинов кезең жеңімпазы атанды. Каргинов бұл аралықты 6 сағат, 22 минут және 32 секундта жүріп өтті. Екінші болып мәреге 14 минутқа кешіккен оның командаласы Эдуард Николаев келді. Ал үшінші орын жарыстың басты фавориті голландиялық Жерар де Ройға тиді (Iveco), (+15,51). Қазақстандық жүк көлік жүргізушілері Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек болса кезеңді 14 орынмен аяқтады (+1:44:31).

Жалпы есепте көшбасшы ауысты. Осыған дейін ешкімге дес бермей келген де Рой өз орнын ресейлік Каргиновке ұстатты. Енді голландиялық спортшы ресейліктен 7 минут және 56 секундқа қалып келеді. Артур Ардавичус болса жағдайын біраз жақсартып алды. Ол енді 21-ден 16 орынға көтерілді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sports.kz