«Ақтөбе» жеңіп, «Шахтер» жеңілді

«Ақтөбе» жеңіп, «Шахтер» жеңілді

Футболдан ел премьер-лигасы клубтары шет елдерде дайындығын шыңдап, жолдастық кездесулер өткізуде. Назарларыңызға командалардың кеше көрсеткен нәтижелерін ұсынамыз.

«Атырау» түрік командасын жеңді


«Атырау» футбол командасы түріктің «Анкара Беладьяси» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, бір доп басымдығымен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды Сергей Гридин соқты. Ал қарсылас команда түріктің үшінші лигасында өнер көрсетеді.

«Анкара Беладьяси» (Түркия) – «Атырау» (Қазақстан) 0:1

Гол: Сергей Гридин

«Атырау»: Шабанов, Абдулин, Пласконный, Чуреев, Эссаме, Рудик, Афанасьев, Пархачев, Гридин және команда қарауында жүрген екі футболшы ойнады.

Екінші таймда алаңға шықты: Цирин, Шакин, Коструб, Карпович, Маров, Сейітқалиев, Щеткин

«Ақтөбе» кезекті жеңісіне қол жеткізді


Ел чемпионы «Ақтөбе» де түріктің "Анкарагюджю" клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:1 есебімен басым түсті. Жерлестеріміздің сапынан Петр Бадло мен Павел Шабалин қарсылас қақпасын дәл көздеді. Енді келесі кездесуін Владимир Никитенко шәкірттері 18 қаңтар күні бакиндік "Интерге" қарсы өткізеді.

«Ордабасы» тең түсіп қалды


Түркияда Ирактың "Нафт Аль-Джануб» командасымен кездескен шымкенттік «Ордабасы» тең нәтиже көрсетті. Ойын 1:1 есебімен аяқталды. Алғашқы таймда Ирак елі командасы есеп ашса, екінші таймда Еркебұлан Тұңғышбаев есепті теңестірді. Өз кезегінде Виктор Пасулько шәкірттері бар мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Екінші таймның орта тұсында командаға қайта оралған Дәуренбек Тәжімбетов алаңнан қуылды.

Осыған дейін екі кездесу өткізген шымкенттік ұжым бірінде жеңіп, бірінде жеңілген болатын.

«Шахтер» «Насафтан» жеңілді


Қарағандылық «Шахтер» өзбекстандық «Насаф» клубымен кездесу өткізіп, 2:1 есебімен есе жіберді. Алғашқы таймда Алдин Джидич гол соғып, командасын алға шығарып шыққанымен, екінші таймда «Насаф» ойыншылары екі допты «кеншілер» қақпасында тулатты.

«Ақтөбеге» жаңа ойыншы келді


Беларуссия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ренан Брессан спорттық мансабын «Ақтөбеде» жалғастыратын болды. Команда мен футболшы екі жылдық келісімшартқа қол қойыпты. Дегенмен бұл туралы нақты ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланған жоқ.

Ренан Брессан өткен маусымда владикавказдық «Аланияда» ойнаған. Жалақының дұрыс берілмеуі салдарынан футболшы командамен келісімшартын бұзған. 2012 жылы өз елінің үздік футболшысы болып танылған да болатын. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: football.by

Ө. Сансызбай