Зарина Диас алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Зарина Диас алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Australian Open турнирінің негізгі кезеңінде тұңғыш рет бақ сынап жатқан қазақстандық тенисші Зарина Диас алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

20 жастағы қазақстандық тенисші алғашқы кезеңде чехиялық Катерина Синяковадан басым түсті. Бірінші сет Зарина үшін қиынға соқпады. Есеп 6:2. Ал екінші сетте чехиялық тенисші барын сала тырысып бақты. Алайда тартысты өткен ойын 6:4 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Зарина екінші айналымда Сорана Кырстя (Румыния) - Марина Эракович (Жаңа Зеландия) жұбының жеңімпазымен кездеседі. 

18 жастағы чехиялық теннисші WTA рейтингінде 173-орынды еншілесе, қазақстандық теннисші 152-ші орында тұр. Екі тенисші бұрын өзара кездесу өткізбеген.

Алғашқы кезең қазақстандық тенисші қыздар үшін сәтті өтті. Заринадан бөлек кеше ғана Галина Воскобоева да екінші кезеңге өткен болатын. Галина екінші айналымға өту жолында румыниялық Ирина-Камелия Бегуден айласын асырды. Галина енді испаниялық Карло Суарес Наварромен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева әлемнің бесінші ракеткасы поляк Агнешка Радванскадан 0:6, 1:6 есебімен ұтылып қалды.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Ш. Талап