Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

Ел футболындағы соңғы жаңалықтар

Футболдан ел премьер-лигасы клубтары шет елдерде дайындығын шыңдап, жолдастық кездесулер өткізуде. Назарларыңызға командалардың көрсетіп жатқан нәтижелерін ұсынамыз.

«Ақтөбе»


Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан ел чемпиондары осыған дейін екі кездесу өткізді. Екеуі де Владимир Никитенко шәкірттерінің пайдасына шешілді. Алғаш болып бразилиялық «Моги Мирим» клубымен кездескен жерлестеріміз қарсыластарын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Кездесуде Эку есеп ашса, Абылайхан Оңғарбаев екінші голды соқты. Ал Александр Гейнрих дубль авторы атанды.

Кеше түркиялық «Карталспормен» кездескен «Ақтөбе» екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұл кездесуде команда сапынан Эку, Александр Гейнрих және Абат Айымбетов көзге түсті. Қарсыластар бір доппен жауап қатты. Ал осыған дейін жоспарланған жолдастық кездесулер арасында әзірбайжандық «Нефтчи» командасы бас бапкерінің ауысуына байланысты ойыннан бас тартты. Енді ел чемпиондары 15 қаңтар күні тағы да бір түркиялық ұжым «Анкарагюджюмен» кездесу өткізеді.

«Астана»


Бүгін елордалық команда «Дубай» футбол клубымен жолдастық кездесу өткізеді. Осыған дейін «Астана» ұлттық құрама ойыншылары Қайрат Нұрдәулетов, Александр Киров және Сергей Остапенкомен келісімшартын ұзартқан болатын. Ал Қазақстанда дүниеге келген бельгиялық «Стандард» клубында ойнаған Георгий Жуковты қатарларына қосқан-ды. Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан команда үш жолдастық кездесу өткізуді  жоспарлап отыр.

«Қайрат»


Алматылық команда алғашқы жолдастық кездесуінде өзбекстандық «Локомотив» командасынан 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Кездесудегі жеңіс голын Гафуров соқты. Енді Владимир Вайсс шәкірттері ертең неміс бундеслигасы командасы «Гамбургпен» жолдастық кездесу өткізеді.

«Шахтер»


Қарағандылық «Шахтер» командасы Түркияда оқу-жаттығу жиындарын жүргізуде. Дайындығын шыңдау мақсатында алғашқы кездесуін 15 қаңтар күні Өзбекстанның «Насаф» командасымен өткізеді.  

«Ордабасы»


Виктор Пасулько командасы алғашқы кездесуін Азияның алпауыт командаларының бірі – «Аль-Иттихадқа» қарсы өткізіп 1:6 есебімен ойсырай ұтылды. Ал екінші кездесуін кеше Қытайдың «Шанхай Шенхуа» клубына қарсы өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Шымкенттік команданың қатарынан Мардан Төлебек пен Эдин Юнузович (пенальти) көзге түсті. Ал осыған дейін команда сапында өнер көрсеткен Дәуренбек Тәжімбетов «Ордабасыға» қайта оралуы мүмкін.

«Ертіс»


Талғат Байсуфинов командасы Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүр. Клуб түрік жерінде үш жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

«Тобыл»


Қостанайлық команда алғашқы жолдастық кездесуін бразилиялық «Моги Мирим» футбол клубына қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Енді «Тобыл» бүгін Астана уақытымен сағат 23:00-де әзірбайжандық «Гавал» командасымен кездеседі.

«Атырау»


Батысқазақстандық команда түрік жеріндегі оқу-жаттығу жұмыстары барысында бір жолдастық кездесу өткізді. Түркияның үшінші дивизионында ойнайтын «Бартинспор» командасымен тең түсті. Кездесуде есеп ашылмады. Команда ертең екінші жолдастық кездесуін өткізеді.

«Жетісу»


Түркияда жергілікті «Генчербирлиги» командасымен жолдастық кездесу өткізген талдықорғандық клуб 0:1 есебімен жеңіліс тапты.

«Тараз»


Арно Пайперс шәкірттері Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарын 15 қаңтардан бастайды.

«Қайсар»


Қызылордалық команда Түркиядағы жаттығулары барысында стамбулдық «Қарақұмық» командасымен кездесіп, 5:1 ірі есебімен жеңіске жетті. Ал ресейлік «Мордовия» командасына қарсы кездесуде Дмитрий Огай командасы 0:1 есебімен есе жіберіп алды. Келесі  кездесуін де ресейлік командамен («Волга») өткізеді. Қазіргі таңда клуб қарауында серб футболшысы Милян Яблан мен болгар қорғаушысы Мартин Кавдански жүр.

«Спартак»


Семейлік команда да жаңа маусымға дайындық барысында Түркияда жаттығуларын тыңғылықты даярлауда. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com. sports.kz

Ө. Сансызбай