Бабенко үш дүркін Азия чемпионы атанды

Бабенко үш дүркін Азия чемпионы атанды

Қазақстан құрамасының үздігі Дмитрий Бабенко классикалық көп сатылы коньки жарысынан үш дүркін Азия чемпионы атағына қол жеткізді.

Жапонияның Томакомай қаласында өткен жарыста 1500, 5000 және 10 000 метрлік қашықтықта топ жарған жерлесіміз Сочи қысқы Олимпиадасында да осы аралықтағы қашықтықта бақ сынайтын болады.

Қазіргі таңда конькишілеріміздің қоржынында 12 жолдама бар. Оның ішінде ерлер – 500 метр қашықтықта - бір жолдама, 1000 метрде - үш жолдама, 1500 метрде - 3 жолдама, 5000 және 10000 метр қашықтықта бір-бір жолдамадан бар. Ал әйелдер еншісіне 500, 1000 және 1500 қашықтықта бір-бір жолдама тиесілі. Еліміздің ақ Олимпиада намысын қорғайтын құрамы қаңтар айының соңында белгілі болады.

Қаңтар айының 18-19 аралығында Жапонияның Нагано қаласында тағы да бір бәсеке байрағын көтереді. Бұған еліміздің маңдайалды спортшылары қатысады. Көп сатылы спринтерлер жарысында Әлем чемпионы Денис Кузин, 500 метр қашықтықта ел рекордшысы Роман Креч, әйелдер құрамасының көшбасшыларының бірі – Екатерина Айдова бақ сынайды. Бұл спортшылардың Олимпиада алдындағы дайындығын шыңдауына да өз әсерін тигізбек.

Естеріңізге сала кетсек, Сочи қысқы Олимпиадасы 7-ші және 23-ші ақпан аралығында өтеді. Конькишілер барлығы 12 медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: np.kz

Ө. Сансызбай