«Astana Arlans» Польшада айқын жеңіске жетті

«Astana Arlans» Польшада айқын жеңіске жетті

Жаңа ғана Польша жерінде «Astana Arlans» дүниежүзілік бокс сериясы аясындағы (WSB) бесінші кездесуін «Poland Hussars» командасымен өткізіп, қарсыластарына айқын басымдығын танытты.


Алғаш болып рингке көтерілген Мардан Берікбаев алаң иелерінің былғары қолғап шебері Давид Себастьян Ягодзиньскийді алғашқы минуттардан-ақ тықсыра бастады. Өзінің қарсыласынан мықты екенін ә дегеннен-ақ байқатты. Ашық айқасқан жерлесіміз соңғы раундтарда сылбырлық та танытты. Дегенмен қызуқандылыққа салынған Ягодзиньский бесінші раундта ережеге сай емес қимылдарға да бара бастады. Мұнысынан түк шықпаған поляк боксшысы рингтен өзінің жеңілісін мойындап қайтты.

56 келіде шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз Мейірболат Тойтов қарсыласы Марек Петрущукпен кездесті. Қарсыластар алғашқы раундты бір-бірін аңдумен бастады. Дегенмен жерлесіміздің бірнеше дәл соққысы поляк былғары қолғап шеберін екі бірдей нокдаунға жіберді. Кейінгі раундтарда да жерлесіміздің басымдығы айқын байқалып тұрды. Десе де «Poland Hussars» боксшысы 5 раундтқа төтеп берді.

Үшінші болып рингке шыққан Асхат Уәлиханов Дамиан Кивиорамен жұдырық түйістірді. Екінші нөмірмен өнер көрсеткен алаң иелері боксшысы сәтті қорғана білді. Өз кезегінде жерлесіміз дөп соққыларымен көзге түсіп отырды. Алайда төртінші және бесінші раундтарда Асхаттың шаршап қалғаны көзге ұрып тұрды. Бұл сәтті поляк боксшысы өз пайдасына сәтті пайдалана білгенімен, жеңісті қолдан суырып ала алмады.  

Төртінші болып бақ сынаған «Poland Hussars» капитаны Томаш Яблонски салған жерден Ерік Әлжановты қыспаққа ала бастады. Жерлесіміз қорғаныста жүріп, кездесудегі басымдықты қолға алуға тырысты. Екінші раунд басында Еріктің дөп соққысы Томаштың бетін қызыл қанға бояды. Дегенмен соңғы минуттарға дейін өз қарқынын сақтап қала алмады. Сергей Дервянченконың орнына шыққан Ерік «Astana Arlans» сапындағы алғашқы кездесуінде жеңіліс тапты. Десе де алдағы уақытта тәжірибе жинап, шаршы алаңда атой салуға күш-қайраты жететінін танытты.

91 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға көтерілген Василий Левит алғашқы минуттардан бастап алаң иелері сапында алғашқы кездесуін өткізіп жатқан Лукаш Зигмунттты ойсырата жеңді. Жерлесіміздің аса ауыр соққылары нысанасына дәл тиіп, қарсыласты есеңгіретумен болды. Дегенмен «Салт аттылар» былғары қолғап шебері кездесудің соңына дейін шыдас берді. 31 жастағы бұл боксшының да беті қызыл қанға боялды. Осылайша Василий жерлестерімізді 1:4 есебімен жеңуіне септігін тигізді.

Естеріңізге сала кетсек, енді «Арландар» 18 қаңтар күні Әзірбайжанның Губа қаласында жергілікті «Баку оттарымен» кездеседі. 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай