Рахымбаев экипажы мәрені оныншы болып кесті

О Сансызбай Корреспондент
Рахымбаев экипажы мәрені оныншы болып кесті

Аргентинаның Чилекито қаласында «Дакар-2014» ралли-марафонының төртінші кезеңі аяқталды. Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы оныншы орыннан көрінді. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Төртінші кезеңнің жеңімпазы болып испандық Карлос Сайнс (SMG)  танылды. Ол барлық жолды 5 сағат 20 минут 32 секундта басып өтті. Екінші орын француз Стефан Петерансельге («MINI») бұйырса, катарлық Нассер Аль-Аттия үшінші тұғырдан көрінді.

Қазақстандық-ресейлік экипаж Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко мәре сызығын оныншы болып кессе, Денис Березовский мен Игнат Фальков экипажы 50-ші болып бұл кезеңді аяқтады.

Жалпы төрт кезең қорытындысы бойынша, жол талғамайтын санаттағы көліктер арасында Сайнс көш бастап тұр. Екінші орында испандық Нани Рома, үшінші болып катарлық Нассер Аль-Аттия келеді. Ал Айдын Рахымбаев экипажы осы кезеңнен кейін 21-ші орыннан 15-ке көтерілді.

Ауыр жүк көліктері арасында голланд Жерар де Рой («Iveco») топ жарды. Ол барлығы 657 шақырым жолды 6 сағат 6 минут 40 секундта жүріп өтті. Ал еліміздің осы санатта намысын қорғап жатқан Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы бұл кезеңде 40-шы болып мәреге жетті. Қорытынды есепте 32-ші орында келеді.

Бүгін «Дакар-2014» ралли-марафонының бесінші кезеңі өтеді. Чилекито мен Тукуман арасындағы қашықтық жол талғамайтын көліктер үшін 911 шақырым болса, ауыр жүк көліктері үшін 527 шақырым жолды құрайды. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: idrive.kz