Africa Eco Race-2014 ралли-марафоны. Жетінші кезең

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Africa Eco Race-2014 ралли-марафоны. Жетінші кезең

Мавританияда Africa Eco Race-2014 ралли-марафонының жетінші кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Бұл кезеңнің ұзақтығы 534 шақырымды құрады, оның 466-сы арнайы күрделі жолдар еншісінде.

БӨЛІСУ

Hummer H3 Evo көлігін басқарған қазақстандық Mobilex Racing Team командасының өкілдері Қанат Шагиров пен Александр Морозов бұл қашықтықты 6 сағат, 24 минут және 18 секундта бағындырып, кезең қорытындысы бойынша 18 орыннан көрінді. Ал олардан бөлек, Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов жұбы 7 сағат, 30 минут және 29 секунд уақытымен мәреге 24-ші болып келді.     

Кезең жеңімпазы болып өзі жасаған көлік тізгінін ұстаған француз Жан-Луи Шлессер танылды. Тьери Магнальдимен үзеңгілескен ол ара қашықтықты 4 сағат, 55 минут және  8 секундта басып өтті. Екінші орын құрамында автошабандоздар Ив және Жан Фромонты бар тағы да бір француз экипажына бұйырды (+4:02). Ал үшінші болып TATRA жүк көлігін айдаған чех Томаш Томечек келді (+22:38).

Осылайша автомобильдердің жалпы есебі қорытындысында бельгиялық Жак Луманс пен Фриц Дрисманстан 1 сағат, 19 минут және 37 секундқа алда келе жатқан Шлессер мен Магнальди көш басында тұр. Үшінші орын Мишель Турон-Баррера бастаған француз экипажында (+2:36:13). Ал Шагиров пен Морозов болса жетінші кезеңнен кейін бесінші орыннан төртіншіге көтерілді. Олар Шлессер мен Магнальдиге 2 сағат, 53 минут және 4 секунд ұтылып келеді. Сазонов пен Сахимов жұбы 12 орында (+6:41:59).

Бүгін, Africa Eco Race-2014 ралли-марафонының 421 шақырымды құрайтын (оның 337-сі жылдам трасса) сегізінші кезеңі басталады.

Айта кетейік, Africa Еco Race – атақты классикалық Дакар жолымен өтетін халықаралық ралли-марафон саналады. Биылғы жылы жарыс үш мемлекеттің (Марокко, Мавритания және Сенегал) аумағында өтетін болады. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында Францияның Сен-Сиприенінде жалауын көтерген болатын. Ал жарыс 2014 жылдың 11 қаңтарында Дакардағы Қызғылт көл маңайында мәреге жетеді. Қатысушылар осы аралықта 5580 шақырымды (оның 2997 шақырымы 11 кеңеңге бөлінген арнайы жолдар) басып өтулері тиіс.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz