Сазонов пен Сахимов жұбы үшінші болып келді

Сазонов пен Сахимов жұбы үшінші болып келді

Mobilex Racing Team командасының құрамында сынға түсіп жатқан қазақстандық экипаж Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов Africa Eco Race-2014 ралли жарысының алтыншы кезең қорытындысында барлық автокөліктер ішінде үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Қазақстандық автошабандоздар 611 шақырымға созылған (оның 174 шақырымы тегіс жол болса, қалған 437-сі қиын жолға жатады) Мавритания жеріндегі алғашқы кезеңді 26 минут және 26 секундта бағындырды. Hummer H3 Evo көлігін бақарған Сазонов пен Сахимов алтыншы кезең жеңімпаздары атанған франциялық Жан-Антуана Сабатье мен Денис Розандқа төрт минут он екі секунд есе жіберіп қойды. Екінші болып мәре сызығын венгриялық спортшылар Балаж Салаи мен Ласло Бункоцки кесті. Олар осы қашықтықты 1 сағат, 24 минут және 48 секундта жүріп өтті.

Тағы да бір Hummer H3 Evo көлігімен сынға түсіп жатқан жерлестеріміздің бірі Қанат Шагиров пен Александр Морозов 1 сағат, 30 минут және 48 секунд уақытын көрсетіп, кезеңді жетінші болып аяқтады. Бұл нәтиже оларға автомобильдердің жалпы есеп қорытындысы бойынша бесінші орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берді.   

Олар топ басындағы Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальдиден 1 сағат, 24 минут және  12 секундқа артта қалып келеді. Ал Сазонов пен Сахимов жұбы болса көшбасшы командаға төрт сағаттай уақыт ұтылып, жалпы есепте 11-ші орынға жайғасқан.

Айта кетуіміз керек, бұл кезеңде спортшылар Марокко мен Мавритания шекараларын қиып өтті. Жарыскерлердің барлығы да ұйымдастырушыларың жасаған жеңілдіктері арқасында кедендік тексерулерден ешқандай қиындықсыз өтті. Ал кезеңнің өзіне келер болсақ, ол көбіне жоғары жылдамдықта болды. Автокөліктер кейбір тұстарда ғана құмды жерлерді басып озды. Қазір «Қара құрлықты» шілденің ауа температурасы қыздырып тұр. Күндіз ауа 40 градустан асып жығылатынын  айта кетейік.

Ертең, Africa Eco Race-2014 ралли-марафонында жетінші кезең басталады. Оның қашықтығы 534 шақырымды құраса, арнайы қиын жолдар 466 шақырымға созылады.

Естеріңізге сала кетсек, жарыстың үшінші кезеңінде Шагиров пен Морозов басқарған көлік мәре сызығын үшінші болып кессе, одан кейінгі кезеңде Сахимов мен Сазонов дәл осындай нәтижені тіркеген болатын.

Айта кетейік, Africa Еco Race – атақты классикалық Дакар жолымен өтетін халықаралық ралли-марафон саналады. Биылғы жылы жарыс үш мемлекеттің (Марокко, Мавритания және Сенегал) аумағында өтетін болады. Ралли 2013 жылдың 29 желтоқсанында Францияның Сен-Сиприенінде жалауын көтерген болатын. Ал жарыс 2014 жылдың 11 қаңтарында Дакардағы Қызғылт көл маңайында мәреге жетеді. Қатысушылар осы аралықта 5580 шақырымды (оның 2997 шақырымы 11 кеңеңге бөлінген арнайы жолдар) басып өтулері тиіс.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: Vesti.kz 

Б. Қосмағамбет