"Дакардың" алғашқы кезең қорытындысы

"Дакардың" алғашқы кезең қорытындысы

Кеше Аргентинаның Росарио қаласында басталған «Дакар-2014» ралли-марафонының алғашқы кезең қорытындысы бойынша Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко экипажы жол талғамайтын санаттағы көліктер ішінде 19 орыннан көрінді.

«Proto Overdrive» автокөлігімен жарыс жолына шыққан қазақстандық және ресейлік экипаждар 180 шақырым жолды 2 сағат 32 минутта жүріп өтті. Бауыржан Исабаев пен Ғабдулла Әшімов жұбы 31-ші болып мәре сызығын кессе, Денис Березовский мен Игнат Фальков 71-ші болып келді. Ал осы санаттағы аламанда португалдық Карлос Соуза («Great Wall Haval») жеңімпаз болып танылды. Екінші орын аргентиналық Орландо Террановаға («MINI») бұйырса, үшінші болып мәрені катарлық Нассер Салех Аль-Аттия («MINI») кесті.

Ауыр жүк көліктері арасындағы жарыста ресейлік Айрат Мардеев («КАМАЗ») экипажы бірінші болып келді. Екінші нәтижені чех Алеш Лопрайс көрсетсе, үшінші болып мәрені Марсель ван Влит кесті. Ал бұл сында еліміздің атынан бақ сынап жатқан Артур Ардавичус экипажы 16-шы болып келді. Ол барлық жолды 3 сағат, 3 минут, 14 секундта басып өтті.

Бүгін «Дакардың» екінші кезеңі Сан-Луис пен Сан-Рафаэль аралығындағы жолда өтеді. Жол талғамайтын көліктер үшін 798 шақырым болса, ауыр жүк көліктері үшін 765 шақырым белгіленген.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz

Ө. Сансызбай