Криштиану Роналду Генрих ханзада орденін иеленді

Шерхан Талап Корреспондент
Криштиану Роналду Генрих ханзада орденін иеленді

Мадридтік "Реал" және Португалия құрамасының үздік шабуылшысы Криштиану Роналду мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттырып, кейінгі жастарға айрықша үлгі бола білгені үшін Генрих ханзада орденін иеленді. Бұл туралы мадридтік клубтың ресми сайты мәлімдеп отыр.

БӨЛІСУ

6 қаңтар күні өтетін марапаттау рәсімінде 28 жастағы ойыншыға осынау құрметті атақты Португалия президенті Анибал Каваку Силваның өзі табыс етеді.

Роналду көптеген жеке және командалық марапаттарды иеленген бірден-бір ойыншы. Роналдудың 2008 жылы Еуропаның үздік ойыншысына берілетін «Алтын допты» қанжағасына байлағанын футбол сүйер ағайын жақсы біледі. Бүгінгі таңда Португалия құрамасының капитаны болып табылатын даңқты ойыншы құрама сапында 2004 және 2012 жылы күміс, қола жүлдеге қол жеткізді.

Бар әлем биылғы «Алтын допты» кім алады деген сұраққа бас қатырып жатқанда аталған марапат өз уақытында иесін тапты. Бұл сыйлық – Роналду тарапынан жасалған «Алтын доп» алдындағы сәтті қадамдардың бірі болды. Даңқты ойыншының ел футболы үшін еткен еңбегі қандай да болсын марапатқа лайық. «Алтын допты» Роналду алсын деп қолдау білдірген мәлімдемелер жасалу үстінде. Кеше ғана Мадридтік «Реалдың» бас бапкері көмекшісі қызметін атқарып жүрген әйгілі француз футболшысы Зиннедин Зидан «Алтын допты» Роналдудың алғанын қалаймын деп мәлімдеген еді.

Роналду сәл бұрынырақта берген бір сұхбатында: «Алтын доп» - бұл бар-жоғы жүлде ғана, футболшының бүкіл ғұмырының басты мақсаты емес деп айтып жатады. Мен бұл оймен сөзсіз келісемін. «Алтын доп» - өз бағаңды көтеру үшін берілетін сыйлық, одан артық түк те емес...» деген болатын. Не десек те «Алтын доп» әңгімесінің нүктесі 13 қаңтарда Швейцарияның Цюрих қаласында қойылады. Футболдағы аса мәртебелі атақ болып саналатын «Алтын доп» иегерін марапаттаудың салтанатты кеші сол кезде өтетінін қаперлеріңізге береміз. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: realmadrid.kz