Үшінші айналымда - үшінші орын

Үшінші айналымда - үшінші орын

«Africa Eco Race-2014» ралли-рейдінің үшінші айналым қорытындысы бойынша Қанат Шагиров пен Александр Мороз экипажы үшінші болып мәре сызығын кесті.

Hummer H3 жол талғамайтын автокөлігімен сынға түсіп жатқан Шагиров пен Мороз жұбы үшінші айналымда 387 шақырым жолды 4 сағат, 18 минут, 59 секундта жүріп өтті. Ал кезеңнің жеңімпазы болып француздық экипаж Жан-Антуан Сабатье мен Денис Розанд жұбы танылды. Олар осыған дейін алғашқы кезеңде де бірінші болып келген еді. Ал екінші болып, жарыстың фавориті саналатын Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальди экипажы келді. Ал ралли-марафонда бақ сынап жатқан Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов екінші экипаждарымыз бұл кезеңде 7-ші орыннан көрінді.

Жалпы есепте үш кезең қорытындысы бойыншы Қанат Шагиров пен Александр Мороз жұбы үшінші орынға көтерілсе, Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов экипажы 16-шы орынға тұрақтап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 31 желтоқсан күні басталған «Africa Eco Race-2014» ралли-рейді 11 кезеңнен тұрады. Жарысқа қатысушы экипаждар жалпы ұзақтығы 2992 шақырымды құрайтын жол арқылы  Африканың Марокко, Мавритания және Сенегал елдерін басып өтеді.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz

О. Сансызбай