Әлем мойындаған Головкин

Әлем мойындаған Головкин

Бокс әлеміндегі ең беделді журнал саналатын The Ring қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий (GGG) Головкинді «Жыл боксшысы» деп таныды. Бұл жөнінде басылымның ресми сайты хабарлап отыр.

Бұл дегеніңіз, Генаны бүкіл бокс әлемі мойындады деген сөз. Өйткені тұңғыш рет 1922 жылы АҚШ жерінде жарық көріп, бокс тақырыбына ғана маманданған бұл журналдың осыған дейін де қазіргі әлемдік бокс жұлдыздарын ең бірінші боп өз басылымдарында «Жыл боксшысы» деп жариялайтын жазылмаған дәстүрі бар.

Бұл атақ жолындағы жарыста Головкин сегіз бірдей үміткерді қапыда қалдырды. Оның ішінде Мигель Гарсия, Бернанд Хопкинс, Сергей Ковалев және Акира Яаегаши оқырмандар арасында көп дауыс жинай қоймағанмен, Тим Брэдли Данни Гарсия, Флойд Мейвизер, Адонис Стивенсон пен Геннадий Головкиннің әрқайсысы дауыс бергендердің он пайызынан астам дауысын алып үлгерген. Ал соңғыларының арасында қазақстандық айқын басымдықпен жеңіске жетіп отыр.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін GGG америкалық USA Today мен Boxing 101 порталдарының жариялаған жыл қорытындысы және  Джим Лэмпли сияқты бокс сарапшыларының пікірінше «Жыл боксшысы» атағына да ие болған еді.

Геннадий Головкин былтырғы жылы рингте төрт рет кездесу өткізіп, оның барлығын да нокаутпен аяқтады. Өзінің соңғы кездесуінде ол америкалық Кертис Стивенстен басым түсті. Енді Генаның биылғы жаңа маусымы 1 ақпан күні Монако жерінде ганалық Осумана Адамаға қарсы кездесуде ашылмақ.     

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ringtv.craveonline.com 

Б. Қосмағамбет