Енді Мессидің жылдық жалақысы 20-25 миллион доллар болмақ

Енді Мессидің жылдық жалақысы 20-25 миллион доллар болмақ

«Барселона» клубының басшылығы 2014 жылдан бастап шабуылшы Лионель Мессимен жаңа келісімшарт жасаспақ ниетте. Бұл туралы Sport.es. сайты хабарлап отыр.

Жарақатына байланысты ем қабылдап жатқан шабуылшы Аргентинадан оралысымен-ақ келісімшарт толығымен рәсімделеді. Берілген ақпарат бойынша келісімшарт мерзімі 2018 жылға дейін ұзартылады. Жаңа келісімшартта қаржылық өзгерістер оран алған. Енді Мессидің жылдық жалақысы 20-25 миллион доллар аралығын құрамақ.

Естеріңізге сала кетсек, «Барселона» клубының вице-президенті Хавьер Фаус Мессимен жаңа келісімшарт жасасу жөнінде: «Біз не себепті Мессиге жаңа келісімшарт ұсынуға тиіспіз, түсінбей отырмын. Біз әр алты ай сайын жаңа келісімшарт жасай бермейміз ғой» деп айтқан болатын.

Бұл мәлімдемеге жауап ретінде Месси: «Фаус футболдан ештеңе түсінбейді. Ол «Барселонаны» бизнес-жоба ретінде пайдаланып, басқарғысы келеді. Бірақ «Барселона» бизнестен әлдеқайда биік тұруға тиіс» деген еді.

Бұған дейін «Барселона» клубының президенті Сандро Росель: «Месси әлемдегі ең қымбат ойыншы болуға тиіс» деп мәлімдеген еді.

Лионель Месси осыған дейін «Реал», «Челси» және «Бавария» секілді таңдаулы ұжымдардың ұсынысынан бас тартқан болатын. Аргентиналық ойыншының қазіргі таңдағы жылдық табысы 10,5 миллион еуроны құрайды. Бұл дегеніміз, Месси жылдық табысы 18 миллион еуроға жеткен, әлемдегі ең жоғары жалақылы ойыншыға айналады деген сөз. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: erepublik.com 

Ш. Талап