Батыс журналистерінің таңдауы Головкинге түсті

Батыс журналистерінің таңдауы Головкинге түсті

Біз сіздерге осыған дейін Boxing 101 порталының Геннадий Головкинді "Жыл боксшысы" деп танығандығын хабарлаған болатынбыз. Енді міне, арада біраз уақыт өтпестен-ақ Гена батыс журналистері мен бокс сарапшыларын түгелдей дерлік мойындатып отыр. Олай дейтініміз, Головкин батыстың ең беделді БАҚ-тары түзген әртүрлі рейтингтердің көшін бастады. Сонымен "Головкинді кімдер мойындады?" деген сұраққа жауап берейік:     

1. Орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлемнің суперчемпионы, қазақстандық Геннадий (GGG) Головкин АҚШ-тың ең беделді басылымдарының бірі USA Today журналистерінің дауыс беруімен «Жыл боксшысы» атанып отыр. Бұл жөнінде боксшының «ВКонтактедегі» ресми парақшасында хабарланды.    

Головкиннен бөлек, бұл атаққа ресейлік Сергей Ковалев пен канадалық Адонис Стивенсон те таласқан болатын. Биылғы жылы үш боксшының барлығы да төрт рет рингке көтеріліп, барлық кездесулерінде жеңіске қол жеткізген. Басылым хабарлағандай, мұндай қарбалас маусым қазіргі заман боксшыларының арасында сирек кездесетін жәйт.   

«Ковалевке ешкім де төрт раунд бойы қарсылық көрсете алмады. Ал Головкин болса, қазіргі кезде өз салмағындағы боксшылардың басты мәселесі болып тұрғаны жасырын емес. Ешқашан жеңіліс көрмеген Головкиннің стилі, шеберлігі мен аса ауыр соққы жұмсай алатын жұдырығы – боксшының әр кездесуін тартымды, қызықты еткен міне, осылар. Сондықтан да біз оны «Жыл боксшысы» деп атадық»,-делінген мақалада.

Одан бөлек, басылым Головкиннің Мэттью Маклинге қарсы өткізген кездесуіндегі қарсыласының бауыр тұсына дарытқан соққысын да атап өтуді ұмытпаған.

USA Today «Жыл жекпе-жегі» номинациясында жеңімпаз деп Тимоти Брэдли мен Руслан Проводниковтың кездесуін таныған.

2. Геннадий Головкиннің есімі әлемдік бокстағы ең танымал екі арнаның бірі HBO телеарнасының сарапшылары анықтаған «Жылдың ең үздік сәттеріне» де еніпті.  

Осыған байланысты НВО Boxing маманы Гамильтон Нолан: «Жылдың үздік сәті деп Геннадий Головкин Габриэль Росадоны «талқандағаннан» кейін оған: «Gabriel is... good boy» деп айтқан сөзін таңдар едім»,-дейді.

Естеріңізге салсақ, Головкин мен Росадо арасындағы жекпе-жек биылғы жылдың 20 қаңтарында Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткен еді. Гена жетінші раундта қарсыласының бұрышы рингке орамал лақтырғаннан кейін техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

3. Суперчемпион Геннадий Головкин «Совет Спорты» басылымы түзген жылдың ең әдемі және ауыр 12 нокаутының ішіне кіріп отыр.

Дәлірек айтсақ, рейтингке 30 наурыз күні Головкиннің жапон Нобухиро Ишидаға қарсы өткізген кездесуіндегі қарсыласына дарытқан ауыр соққысы нәтижесінде орын алған нокауты енді.  

«Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд екеуі де бұрынғы кеңес елдері арасындағы ең үздік боксшы деп Геннадий Головкинді атаған болатын. Боксшы да өзіне берілген бұл бағаны нокауттарымен дәлелдеп жүр»,-делінген мақалада.

4. WBA тұжырымының алтын белбеуіне ие GGG (Геннадий Геннадийұлы Головкин) америкалық HBO телеарнасы сарапшыларының таңдаған «2013 жылдың үздік соққысының» да иесі атанып отыр.   

Бұл жерде мамандар таңдауды тек нокаут жасаған боксшылардың арасында ғана өткізбеген. Олар кез келген соққының күшіне, күрделілігіне, дәлдігі мен нәтижелілігіне қарап өз таңдауларын жасаған екен.   

Енді Головкиннің соққысын үздік деп таныған үш сарапшыға сөз берейік:

Тим Смит: Геннадий Головкиннің Кертис Стивенске қарсы кездесуінің екінші раундында сол қолымен жасаған хугі (қапталдап келіп жасалатын ауыр соққы)

«Кездесудің екінші раундында Геннадий Головкиннің Кертис Стивенстің жағына сол қолымен бағыттап ұрған дәл соққысы қарсыласын ринг төсенішіне бір аунап түсуге себепкер етті. Бұл Головкиннің осы кездесуде жасаған ең алғашқы ауыр соққысы еді. Осы соққыдан кейінгі Стивенстің рингте шалқая жатып, көзін бадырайтып ашуы кездесудің өзіндік символына да айналып үлгергендей. Бұл Кертистің жүзіндегі таңқалу мен қорқыныштың араласып шыққан көрінісі еді.»

Гамильтон Нолан: Геннадий Головкиннің Мэттью Маклинге қарсы өткізген кездесуінде қарсыласының бауырына бағыттаған дәл соққысы

«Головкин бұл соққысы Мэттью Маклиннің жанды жеріне дөп тиіп, кездесуде шешуші мәнге ие болды. Сіз ешқашан да мұндай дәл әрі сол қолдан жасалған хукты көре алмайсыз. Бұл өнерді қазір тек бір екі боксшы ғана орындай алуы мүмкін.»    

Майкл Глюкштадт: Геннадий Головкиннің Мэттью Маклинге қарсы өткізген кездесуінде қарсыласының бауырына бағыттаған дәл соққысы

«Мэтью Маклин бұған дейін өзінің мықты панчер екендігін бірнеше рет дәлелдеген боксшы болатын. Алайда Головкиннің оған жұмсаған соққысы бәрінен де асып түсті. Егер мен Маклиннің жақында ғана (Головкиннен кейін) өткізген кездесуін көрмеген болсам, мен оны ринг үстінде әлі де жатыр деп ойлап жүре берген болар едім.»

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vk.com

Б. Қосмағамбет