Головкин "жыл боксшысы" атанды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Головкин "жыл боксшысы" атанды

Орта салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлемнің суперчемпионы Геннадий Головкин Boxing 101 порталының нұсқасы бойынша «2013 жылдың боксшысы» атағына ие болды.

БӨЛІСУ

Головкиннен бөлек, бұл атаққа Флойд Мэйвезер, Тимоти Брэдли, Мигель Гарсия, Дэнни Гарсия, Адонис Стивенсон, Сергей Ковалев, және Гильермо Ригонда да үміткер болған еді. Алайда рейтинг жасаушылардың пікірінше, Гена өзінің жарқын боксымен және шеберлігінің арқасында қарсыластарын басып озып отыр.  

2013 жылы Головкин жалпы саны төрт кездесу өткізіп, олардың барлығында да уақытынан бұрын жеңіске жетті. Ол кезекпен америкалық Габриэль Росадоны, жапон Нобухиро Ишиданы, британдық боксшы Мэттью Маклин мен бруклиндік Кертис Стивенсті жеңген болатын. Оның еншісінде 28 кездесуде 28 жеңіс, оның 25-і нокаутпен деген көрсеткіш бар. Осы нәтижесімен ол қазіргі чемпиондар арасында топ бастап тұрғанын да айта кетуіміз керек.

Мақала авторлары Головкинді «жойқын соққы» иесі және оны әмбебап, талантты және де қазіргі бокста өте сирек кездесетін боксшы деп атап, әлемдік бокстағы ең қауіпті спортшылардың қатарынан көріп отыр.   

Одан бөлек, Геннадий Головкин WorldBoxingNews.net порталының және бокс тақырыбына жазып жүрген америкалық журналистердің қауымдастығы (BWAA) түзген 2013 жылдың үздік боксшысы атағына да үміткерлер қатарынан табылды.

Сонымен қатар, қазақстандық Геннадий Головкин мен аргентиналық Серхио Мартинес өздеріне үнемі айтылатын сын әңгімелерден арылу үшін міндетті түрде шаршы алаңда кездесулері тиіс, деп жазады ESPN. Орын алуы мүмкін бұл кездесу 2014 жылдың асыға күтілетін кездесуі саналынып отыр.

Бұл америкалық беделді телеарнаның хабарлауынша, Мартинес те Головкин сияқты кездесуге қарсыластары қашқақтайтын онжылдықтың боксшысы саналады.  

«Егер Мартинес маусым айында Мигель Коттоны жеңіп жатса және де одан кейін мансабын әзірге аяқтамайтынын мәлімдесе, онда Головкинмен шыға алмайтынына себеп табылмайды»,-дейді телеарна.

Сондай-ақ, ESPN қос мықты рингте жұдырық түйістіріп, нәтижесінде Головкин жеңіске жетіп жатса, ол бокс әлемінде толықтай мойындалып, аргентиналықтан рейтингтегі бірінші нөмірді тартып ала алады дегенді айтады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Гена WBC бриллиантты белбеуінің иегері Мартинеспен кез-келген уақытта кездескісі келетінін бірнеше рет айтқан болатын. Ал бокс мамандары Головкинді Мартинестің «басты қорқыныш» деп атаған еді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz