Әмірбай ақсақал Гиннестің рекордтар кітабына енді

Әмірбай ақсақал Гиннестің рекордтар кітабына енді

Алматы облысы, Көксу ауданының жетпіс алты жасар тұрғыны Әмірбай Рысқұлов Гиннестің рекордтар кітабына енді. Жаңа рекордты орнату үшін қарияға тек жарты сағат уақыт қана кеткен. Бұл туралы sports.kz хабарлады. 

Әмірбай Рысқұлов бар болғаны жарты сағат ішінде 10 килограмдық кір тасын 750 рет көтерді. Сол сәтте-ақ жаңа рекордты халықаралық комиссияның ресми органдары тіркеп қойды. Қазақстандық күшті қариямен бақ сынасуға Ресейдің Архангельск қаласына 400-ден аса кір тасын көтеруге машықтанған мықтылар жиналды. Жарыстың талабына сай өзінің жасы бойынша жетпіс алты жастағы атаның төрт мықтымен бақ сынасуына тура келді. Жарысқа Әмірбай ақсақалдың шәкірті де қатысты. Ол – елу бес жастағы Жұмахан Күзбаев. Жұмахан Күзбаев та өз жасының рекордшысы атанды. Әмірбай Рысқұлов өз айтуынша, әлем чемпионаттарының 65 алтынын алған батыр екен. Сонымен қатар кір тасын көтеруден Еуропа мен Азияны таңқалдырған.

– Мен осы титулға қолымды жеткізгенім үшін бақыттымын. Осы үшін талай белестен өтуіме тура келді. Мен өзімнің бұл әлемдік рекордымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арнаймын. Өйткені бұл жарыс мерекеге аз күндер қалғанда өтіп отыр. Біздің елімізде Қазақстан атын әлемге танытатын чемпиондар көп болсын деп тілеймін, - деп сөзін аяқтады жарты сағат ішінде 10 килограмдық кір тасын 750 рет көтеріп, әлемдік рекорд қойған Әмірбай ақсақал.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: islam-orkeniet.kz

А. Әбілхан