"Арландар" кезекті жеңісіне қол жеткізді

"Арландар" кезекті жеңісіне қол жеткізді

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) төртінші маусымы аясында «Astana Arlans» Алматыда мексикалық  «Mexico Guereros» клубын 4:1 есебімен ұтып, үшінші жеңісіне қол жеткізді. 

Жерлестеріміздің сапынан алғаш болып шаршы алаңға көтерілген Мардан Берікбаев  қарсыласы Хосе Альберто Залета Рейесті екінші, үшінші раундтарда тықсыра білді. Бас бапкер Сергей Корчинский артқан сенімді ақтаған былғары қолғап шеберіміз алғашқы жекпе-жегін сәтті аяқтап, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Төрешілердің шешімі бойынша қазақстандық боксшы жеңімпаз деп танылды.  

Екінші болып рингте Мардан Берікбаевтің жеңісті жолын 56 келіде шаршы алаңға көтерілген Мейірболат Тойытов жалғастырды. Оның қарсыласы бұл турнирде бұрын-соңды қолғап түйістірмеген 19 жасар ацтек елінің өкілі Серхио Чирино Санчес болды. Мейірболат үшінші раундта мексикалық боксшыны бір рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты.

64 келіде жерлестеріміздің намысын қорғаған Жәнібек Әжібай мексикалық боксшы Кристиан Биеладан айласын асыра алмады.

75 келіде Сергей Деревянченко төртінші маусымды тамаша жеңіспен бастаған болатын. Ол бұл маусымдағы алғашқы кездесуінде «Baku Fires» боксшысын нокаутқа жіберген еді. Бүгін де сол жолын жалғады. Қарсыласы Диего де Хесус Морено Амадорды еш қиналмастан мерзімінен бұрын жеңді.

«Astana Arlans» клубының 91 келідегі былғары қолғап шебері Василий Левит мексикалық команданың албаниялық легионері Кристиан Демажды жеңіп, жерлестерімізге маусымдағы үшінші жеңісті сенімді түрде сыйлады.

Енді «Astana Arlans» келесі кездесуін 13 желтоқсан күні кубалық «Cuba Domadores» клубымен өткізеді. Шаршы алаңдағы жекпе-жектер Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай