Головкиннің Монакодағы қарсыласы анықталды

Головкиннің Монакодағы қарсыласы анықталды

Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің алдағы өткізетін жекпе-жегіндегі қарсыласының есімі белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Сонымен Головкин 1 ақпан күні Монаконың Монте-Карлосында өтетін кездесуде Гана елінің тумасы Осуману Адамаға қарсы WBA титулын 10-шы рет қорғау үшін шаршы алаңға көтеріледі. Адаманың жасы 32-де, қазіргі таңда ол АҚШ жерінде тұрып жатыр. 

1

Осуману Адама

Ганалық былғары қолғап шебері кәсіби рингте 25 кездесу өткізіп, оның 22-сінде жеңіске жетсе, 3 кездесуін жеңіліспен аяқтаған. Адама 2011 жылы ресейлік Роман Карамзинді нокаутпен ұтса, ал одан кейін IBF тұжырымының белбеуі үшін болған айқаста төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен аустралиялық Данэиль Гилге тізе бүкті. 2013 жылдың 26 шілдесінде өзінің соңғы өткізген жекпе-жегінде ол америкалық Доэль Карраскильодан басым түсті.

Одан бөлек, Генаның Монте-Карлодан соң 26 сәуірде қайтадан жұдырық түйістіретіні белгілі болды. Әзірге қарсыласының кім болатыны жөнінде еш мәлімет жоқ. Айта кетейік, Головкин "жылқы жылында" жалпы саны 4 бірдей кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Биылғы маусымды да ол дәл осындай көрсеткішпен аяқтаған еді. 

Естеріңізге салар болсақ, GGG өзінің соңғы кездесуінде америкалық Кертис Стивенстен айласын асырған болатын. Осылайша ол кәсіби рингтегі 28 кездесуінің барлығын да жеңіспен аяқтап, оның 25-інде қарсыластарын уақытынан бұрын шаршы алаңнан шығарып салды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: total.kz, boxing.ru

Б. Қосмағамбет