Мартинес шаршы алаңға қайта оралды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Мартинес шаршы алаңға қайта оралды

Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша бриллиантты белбеудің иесі, әлем чемпионы, аргентиналық Серхио Мартинес жарақатынан түбегейлі айыққандығын мәлімдеді, деп хабарлайды BoxingScene.com порталы.

БӨЛІСУ

Естеріңізге салар болсақ, осы жылдың сәуір айында 38 жасар Мартинес британдық Мартин Мюррейге қарсы кездесуде (Мартинес төрешілердің шешімімен жеңіске жетті) аяғынан жарақат алып қалған болатын. Қазіргі кезде боксшы Мадрид қаласында жаттығуда. Өзінің айтуы бойынша, ол рингке оралуға тас-түйін дайын көрінеді.   

Айта кетейік, осыдан сәл уақыт бұрын Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) оған 15 желтоқсанға дейін денсаулығы жөнінде хабарлауға және өз атағын қорғау үшін қарсыласымен шығатын күнді белгілеуге тапсырма берген болатын.  

Қазіргі кезде Мартинестің міндетті қарсыласы мексикалық Марко Антонио Рубио болып отыр. Алайда көпшілік аргентиналықты алдағы жылы WBA чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырық түйістіреді деп болжайды. Гена да өзінің соңғы өткізген кездесуінен кейін Мартинеспен кездескісі келетінін ашық айтқан еді.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: boxnews.com.ua