Еуропа Лигасы. «Шахтер» - «ПАОК»

Еуропа Лигасы. «Шахтер» - «ПАОК»

Бүгін Еуропа Лигасының топтық кезеңінің бесінші кездесуі аясында қарағандылық «Шахтер» өз алаңындағы соңғы ойынын өткізеді. «Астана-Арена» стадионында өтетін кездесудегі қарсылас – грекиялық «ПАОК».

Еуропа Лигасының алғашқы кездесуін осы командамен өткізген «кеншілер» ұжымы Салоникте соңғы минуттарда ұпай жоғалтқан болатын. Сол кеткен есені бүгін Виктор Кумыков шәкірттері қайтара алады ма? Қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің жеңіске жететініне күмәнмен қарауда. «Шахтердың» жеңісіне – 4,55 коэффицент, тең ойынға – 3,65 коэффицент, «ПАОК» жеңісіне – 1,8 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:2 немесе 1:1 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасауда.

Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:

- Біз үшін өз жеріміздегі соңғы кездесу. Сондықтан барынша басымдықта өнер көрсетуге тырысамыз. «ПАОК» - тобымыздағы мықты команда. Осы кездесуде топтан шығу мәселесін шешкісі келеді. Дегенмен бұл кездесуде біздің жеңіске жетуімізге бар мүмкіндігіміз бар. Топтық кезеңдегі алғашқы жеңісіміздің куәсі боласыздар деп ойлаймын.


Хуб Стевенс, «ПАОК» командасының бас бапкері:

- Біз мұнда топ тізгінін ұстап қалу мақсатында келдік. Кәсіпқой футболшылар ретінде бізге ауа-райы әсер етпейді деп ойлаймын. «Шахтерға» қарсы ойнау оңай емес. Әйтсе де біздің ойын жүйеміз жеңіске бастайды деп сенемін.


Назарларыңызға бүгін негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін футболшылар тізімін ұсынамыз:

"Шахтер" құрамы:

Қақпашы: Александр Мокин

Қорғаушылар: Евгений Тарасов, Алдин Джидич, Сергей Малый, Александр Симчевич

Жартылай қорғаушылар: Геворг Казарян, Рохер Каньяс, Гедиминас Вичюс, Андрей Финонченко

Шабуылшы: Сергей Хижниченко

"ПАОК" құрамы: 

Қақпашы: Гликос

Қорғаушылар: Лино, Кацуранис, Кициу, Цавелас, Циолис

Жартылай қорғаушылар: Стох, Лазар, Лукас

Шабуылшылар: Нинич, Атанасиадис

Бүгін «Астана-Арена» стадионында өтетін кездесуге бельгиялық төреші Серж Гюмьенни бастаған қазылар жұбы төрелік жасайды. Оған Франк Блеен мен Кристоф Меерс көмектессе, қақпа алдындағы қарбаласты Люк Ваутерс пен Александр Буко қадағалайтын болады.

«Шахтер» мен «ПАОК» арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жанкүйер болайық!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай