Чемпиондар Лигасы. Роналдусыз "Реал"...

Чемпиондар Лигасы. Роналдусыз "Реал"...

Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің екінші күніндегі кездесулер де мәресіне жетті. Топтан шығу мәселесін шешкен командалар анықтала түсті. Барлығы 36 гол соғылды.

«D» тобы


«ЦСКА» (Ресей) 1 -3 «Бавария» (Германия)

Мәскеуде қар жауып тұрғанына қарамастан мюнхендік команданың футболшылары алаңға бой үйрете білді. 17 минутта қорғаушылар қателігінен кейін, Арьен Роббен дәл соққысымен кездесудегі есепті ашты. 56 минутта Марио Гютце бірнеше ойыншылардан оңай сытылып шығып, қақпа торын екінші рет бүлк еткізді. 61 минутта доп айып алаңының ішінде Дантеның қолына тиіп, пенальти белгіленді. 11 метрлік айып добын Хонда сәтті орындады. Алайда араға 4 минут сала Томас Мюллер де пенальтиді еш қиналмастан орындап, ойындағы нәтижеге нүкте қойды.

«Манчестер Сити» (Англия) 4 – 2 «Виктория Пльзен» (Чехия)


Чехиялық команда топтық кезеңдегі аса тартысты кездесулерінің бірін өткізді десек болады. Осыған дейін екі гол ғана соққан болса, бұл кездесуде манчестерлік команданың қақпасына екі гол соқты. Екі рет кездесудегі есепті теңестірді. Дегенмен соңғы минуттарда қонақтарға тәжірибе жетіспеді.

 "D" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.    Бавария 5 5 0 0 15:2 15
2.    Манчестер Сити 5 4 0 1 15:8 12
3.    ЦСКА 5 1 0 4 7:15 3
4.    Виктория П 5 0 0 5 4:16 0


«А» тобы


«Байер» (Германия)0 – 5 «Манчестер Юнайтед» (Англия)

Дэвид Мойес командасы алғашқы минуттардан ширақ қимылдады. Кездесудегі жылдамдық нәтижеге де әкеліп соқты. 22 минутта Кагава бастаған қарымта шабуыл Антонио Валенсияның гол соғуымен аяқталды. 30 минутта Рунидің айып соққысынан бағыттаған добы Спахичтің басына тиіп өз қақпасының торынан табылды. Стандартты жағдайларды сәтті пайдалан білген «қызыл сойқандар» 66 минутта Джонни Эванстың арқасында есепті 3:0-ге жеткізді. Ал 78 минутта манкуниандық команда қатарынан Кагава мен Руни жұбы тағы да көзге түсіп, Смоллинг төртінші допты өз еншісіне жазды. Кездесу аяқталар тұста португалдық футболшы Нани есепті 5:0-ге жеткізіп, үлкен есеп айырмасын тіркеді. Осылайша «Манчестер Юнайтед» топтан сәтті шыға білді. Ал алаң иелері үшін енді маңызды кездесу - соңғы ойын Сан-Себастянда өтеді.

«Шахтер» (Украина) 4 – 0 «Реал Сосьедад» (Испания)


Испандық команданың топта жолы болмады. Қоржындағы жалғыз ұпай команданы жарыс жолын жалғастыруға мүмкіндік бермейтіні анық. Ал донецкілік ұжымға осы кездесудегі жеңіс ауадай қажет еді. Және сол мүмкіндігін мүлт жібермеді. Сан-себастяндық команданың қақпасына төрт бірдей допты тоғытты. Дегенмен «Олд Траффордта» өтетін соңғы кездесу командаға оңай соқпасы анық.

"A" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.      Манчестер Юн 5 3 2 0 11:3 11
2.    Шахтер Дн 5 2 2 1 7:5 8
3.    Байер 5 2 1 2 8:10 7
4.    Реал Сосьедад  5 0 1 4 1:9 1

«В» тобы


«Реал» (Испания) – «Галатасарай» (Түркия)

Роналдусыз алаңға шыққан мадридтік команда қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Алғашқы минуттарда-ақ алаң иелерінде есеп ашуға мүмкіндік болған. Дегенмен Гарет Бэйл қақпашымен бетпе-бет шыққан сәтте мүмкіндігін пайдалана алмады. 26 минутта Серхио Рамос алаңнан қуылы. 37 минутта валийлік футболшы айып соққысын тамаша орындап, ойындағы есепті ашты. Алайда араға бір минут сала Умут Булут кездесудегі есепті теңестірді. Екінші таймда «корольдік клуб» 10 футболшымен болса да өз мықтылығын таныта білді. Арбелоа, Ди Мария және Иско еншілеріне бір-бір доптан жазып, командасын келесі кезеңге алып шықты. Кездесудің бас қаһарманы - қорғаушы Альваро Арбелоа болды. Ол спорттық мансыбында алғаш рет гол соғып және нәтижелі пасымен көзге түсіп отыр. Сонымен қатар басты қарсыласы – «Барселонаның» рекордын бұзды. Мадридтік клуб Чемпиондар Лигасындағы соңғы 30 кездесуінде қатарынан гол соғып келеді. Ал осыған дейін бұл рекорд 2009 - 2011 маусымда 29 ойын бойы гол соққан каталондық клубқа тиесілі еді.

«Ювентус» (Италия) 3 – 1 «Копенгаген» (Дания)


Туриндік команда келесі кезеңге шығу үшін барын салуда. Алғашқы ойындардағы ұпай жоғалту клубты тұңғиыққа батырған-ды. Ал енді команда топтан шығу мәселесін соңғы ойында Түркияда «Галатасараймен» сарапқа салады.

"B" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.    Реал 5 4 1 0 18:5 13
2.    Ювентус 5 1 3 1 9:8 6
3.    Галатасарай  5 1 1 3 7:14 4
4.      Копенгаген 5 1 1 3 4:11 4

«С» тобы


«ПСЖ» (Франция) 2 – 1 «Олимпиакос» (Грекия)

Жақында Әлем чемпионатына барар жолдамадан қағылған Златан Ибрагимович Чемпиондар Лигасында 100-ші кездесуін өткізді. Және гол да соғып, ойындағы есепті ашты. 46 минутта алаң иелерінің қатарынан Вератти екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. 81 минутта Манолас таблодағы нәтижені теңестіргенімен, соңғы минутта Эдинсон Кавани жеңіс голын соғып, командасын плей-оффқа алып шықты.

«Андерлехт» (Бельгия) 2 – 3 «Бенфика» (Португалия)


Бельгиялық команда жарыс жолынан шықты. «ПСЖ» топты бастап шықса, «Олимпиакос» пен «Бенфика» екінші жолдама үшін таласты соңғы ойындарда жүргізеді.

"C" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.    ПСЖ 5 4 1 0 15:3 13
2.    Олимпиакос  5 2 1 2 7:7 7
3.    Бенфика 5 2 1 2 6:7 7
4.    Андерлехт 5 0 1 4 3:14 1

Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің соңғы ойындары 10-11 желтоқсанда өтеді.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай