40 жастағы қақпашысы футбол королі Пеленің рекордын бұзды

40 жастағы қақпашысы футбол королі Пеленің рекордын бұзды

«Сан-Паулу» командасының 40 жастағы қақпашысы Рожериу Сени бір клуб сапында көп ойын өткізу көрсеткіші жағынан футбол королі Пеленің рекордын басып озды.

Ол «Ботафого» клубына қарсы өткен Бразилия ішкі біріншілігінің 36 турында «Сан-Паулу» сапындағы өзінің 1117-ші ойынын өткізді. Сол арқылы «Сантостың» жейдесімен 1116 ойын өткізген Пеленің көрсеткішін жаңартты. Сени «Сан-Паулу» сапында 1992 жылдан бері өнер көрсетіп келді. Оның еншісінде бұдан бұрын да бір рекорд бар еді. ФИФА қауымдастығы Рожериу Сениді футбол тарихындағы ең көп доп соққан қақпашы ретінде таныған болатын. Ол «Сан-Паулудың» ресми ойындарында 113 доп соққан екен.

Бұдан бөлек 1990-1992 жылдар аралығында «Синоп» командасында ойнап жүрген кезде еншісіне 2 доп жазған көрінеді. Қақпашы Бразилия құрамасының қатарында 2002 жылғы Әлем чемпионатын, үш дүркін Либертадорес кубогын (1993, 1994, 2005), Бразилия ішкі біріншілігінің үздік ойыншысы («Плакар» журналының таңдауы бойынша - 2000, 2006), және Бразилияның жыл футболшысы (2008)  атақтарын жеңіп алған.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Ш. Талап