Месси: "Криштианудың Әлем чемпионатына баратынына қуаныштымын"

Месси: "Криштианудың Әлем чемпионатына баратынына қуаныштымын"

«Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қосымша ойын арқылы өткен Криштиану Роналду және оның құрамасының қуанышына ортақ екенін мәлімдеді.

Лионель Месси: «Әрине, Криштиану Роналду және оның құрамасының Әлем чемпионатына жолдама алғанына қуаныштымын. Төрт жылда бір келетін үлкен бәсекеде мықтылардың ғана болғаны дұрыс. ӘЧ-да тек үздік команда мен үздік ойыншылар ғана жеңіске жетуге тиіс. Бұл – футболдың деңгейі үшін керек. Криштиану – ұлы ойыншы. Көбісі оны соңғы кезде ғана жақсы ойнап жүр дейді. Бірақ ол көп жылдан бері жақсы ойнап келеді» - дейді.

Ал Нидерланды құрамасына қатысты: «Сіздер Нидерланды құрамасынан кімдерді көрдіңіздер? Робин ван Перси және Арьен Роббен. «Қызғалдақтар елінде» басқа да мықты ойыншылар жетерлік. Ван Перси – керемет сұрмерген, ал Роббеннің мүмкіндігін болжап білу тіптен мүмкін емес. Оның доп алып жүрудегі ғаламат шеберлігі ылғи да қорғаушылардың мазасын кетірумен болады» - деп ағынан жарылды.

Аргентиналық футболшы мұнымен қатар өзіне басқа да клубтардан ұсыныс түсіп жатқанын айтып өтті. Месси: «Өзге клубтардың маған деген қызығушылығы – мен үшін үлкен құрмет. Көптеген командалар мені өз ойыншылары қатарынан көргісі келсе де, мен өз ұстанымымнан таймаймын. Мені Барселонамен көп нәрсе байланыстырып тұр. Каталониялықтардың сапында ойнау – менің өмір бойғы арманым еді. Бұл маусымда көп жағдай сәтті жүзеге аспай жатқаны аян. Алайда жаңа жылдан соң бәрі өз орнына келеді деген үміттеміз» - дейді. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: eurosport.ru

Ш. Талап