Баскетбол тарихында жаңа рекорд тіркелді (видео)

Баскетбол тарихында жаңа рекорд тіркелді (видео)

АҚШ-та баскетбол себетіне допты алыс қашықтықта тұрып дәл түсіруден жаңа рекорд қойылды, деп хабарлайды Mirror.co.uk. Ендігі жаңа рекорд 33,45 метр қашықтықтан себетті дәл көздеген америкалық «Гарлем Глобтроттрес» баскетбол шоу командасының өкілі Кори Лоуге тиесілі.

Ол допты нысанаға қарсы беттегі трибунадан тұрып дөп тигізе алды. Осылайша Лоу 2011 жылы Пепердайн университет командасының ойыншысы Элан Буллер 31,9 метрден допты себетке дәл түсірген рекордқа түзету енгізіп отыр.  

Айта кетейік, Лоу себетке допты алғашқы мүмкіндігінде-ақ түсіре қойған жоқ. Бір сағат бойы командадағы үш бірдей ойыншы арнайы келген комиссия алдында бақтарын сынап көрді. Нәтижесінде тек аталған ойыншы ғана дегеніне жете алған.

Жаңа рекорд тіркелген бойда, оның иесіне Гиннестің рекордтар кітабына енетіндігі жөнінде жазылған арнайы сертификат табысталды.  

Негізінен «Гарлем Глобтроттрес» кәсіби команда емес, көбіне спорт элементтері мен театрландырылған көріністер және комедиялық қойылымдар көрсететін көрмелік ұжым болып саналады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: zastavok.ru

Б. Қосмағамбет