ӘЧ іріктеуі. Соңғы мүмкіндік...

ӘЧ іріктеуі. Соңғы мүмкіндік...

Футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің қосымша іріктеу кездесулеріндегі алғашқы ойындар да басталып кетті. Кеше өткен кездесулерден кейін Уругвай мен Мексика жолдамаға жақындай түсті.

Иордания астанасы Амманда өткен кездесуде Уругвай алаң иелерінің қақпасына жауапсыз бес допты тоғытты. Осылайша, Уругвай ұлттық құрамасы Әлем чемпионатына шығу мәселесін шешіп қойды десек болады. Ал Монтевидеода Иордания құрамасы алаң иелеріне алты гол соғуға шамалары жетпесі айқын. Енді қарымта кездесу 20 қарашада өтеді. Естеріңізге сала кететін болсақ, Иордания қосымша іріктеуге Өзбекстанды ұтып шықса, Уругвай Оңтүстік Америка құрлығындағы іріктеуде бесінші орын алып, қосымша іріктеуге жолдама алған болатын.

Ал Солтүстік Америка мен мұхиттық аймақ арасындағы бір жолдамалық іріктеуде Мексика мен Жаңа Зеландия кездесті. Мехикода өткен кездесуде алаң иелері 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қарымта кездесу 20 қарашада өтеді.


Ал Еуропада «мундиалға» берілер соңғы жолдамаларды төмендегі командалар сарапқа салады.

Португалия – Швеция

Украина – Франция

Грекия – Румыния

Исландия – Хорватия

Ұлттық құрамалар арасындағы алғашқы кездесулер 15 қарашада өтсе, қарымта кездесулер 19 қарашада өтеді. Ал осыған дейін жолдаманы қанжығаларына байлап үлгерген командалар туралы мәліметті мына сілтемеден оқи аласыздар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: novostiua.net 

Ө. Сансызбай