Ерегіскенде "Реалға" ауыспақ...

Ерегіскенде "Реалға" ауыспақ...

Каталондық «Барселона» командасының негізгі футболшыларының бірі келер аптада «Реалға» ауысуы мүмкін. Бұл туралы ФИФА агенті Франсуа Гальярдо мәлімдеді. Алайда «корольдік клубтың» қатарына ауысатын футболшының есімін Гальярдо құпия сақтап отыр.

- Келер аптада «Барселонаның» негізгі футболшыларының бірі «Реал» тарапынан шақырту алмақ. Мұндағы басты себеп – каталондық ұжым футболшыға баса назар аудармауы болып отыр. Ол әлемдегі үздік бес футболшының санатына енеді. Келер аптада «Реал» басшылығы футболшымен болатын келісімді шешетін болады – деді Punto Pelota – ға берген сұхбатында.

Осыған дейін «Барселонадағы» жағдайына қақпашы Виктор Вальдес пен шабуылшы Педро Родригес көңілі толмайтынын жеткізген еді. Сонымен қатар, Франсуа Гальярдо жазғы трансферде мадридтік команда Лионель Мессиге де келісім ұсынғанын айтқан болатын. Алайда келсімін бермеген аргентиналық шабуылшыға «Реал» жыл соңына қарай тағы бір ұсыныс тастайтынын хабарлаған-ды.

Естеріңізге сала кететін болсақ, «Реал» мен «Барселона» арасында трансфер жүру футболдағы сирек кездесетін «құбылысқа» жатады. Ең соңғы рет командалар арасында ойыншы алмасу осыдан 13 жыл бұрын орын алған екен. Каталондық команданың алғашқы легионер капитаны Луиш Фигу «Реал» жейдесін киген. Бұл ауысым қос команда жанкүйерлерінің бірнеше рет дауына да айналған-ды. Сонымен қатар мұндай ауысыммен өнер көрсеткен Бернд Шустер, Микаэл Лаудруп, Луис Милью және Луис Энрике сынды футболшылар да бар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru

Ө. Сансызбай