Сметов пен Бозбаев ел біріншілігіне қатыспайды

Сметов пен Бозбаев ел біріншілігіне қатыспайды

Қарашаның 15 мен 20 аралығында Өскемен қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігі өтеді. Өскемендегі жаңадан салынған спорт кешенінде еліміздің әр аймағынан жиналған жалпы есебі 650-ге жуық дзюдошы бақ сынайды деп күтілуде.

Біріншілікке қатысатын командалар 2012 жылы өткен дзюдодан ел чемпионатының қорытындысы бойынша анықталады. Мәселен, 2012 жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан біріншілігінде 1-6 орын алған командалар өз аймақтарындағы чемпионатта 1-3 орын алған спортшыларын қатыстыра алады; 2012 жылғы чемпионатта 7-10 орыннан көрінген командалар әрбір салмақта 3 балуанын сайысқа қоса алады; 11-14 орын алған ұжымдар әр салмақта 2 спортшысын, 15-16 орын алған командалар әр салмақта 1 спортшысын ғана Өскемендегі ел чемпионатына қатыстыра алады.

Өскеменде өтетін ел біріншілігіне тәжірибелі спортшылар Ислам Бозбаев пен Елдос Сметовтің қатыспайтыны белгілі болды.

Ислам Бозбаевтың жарысқа қатыспауының себебі бар. Елімізге танымал спортшыны жақында Теміртауда белгісіз біреулер пышақтап кеткен болатын. Қазіргі таңда спортшының бапкерлері оның енді бір-екі айдан соң құлан-таза айығып, қатарға қосылатынын мәлімдеп отыр.

Ал Елдос Сметов Алматыда өткен «Гран-При» турнирінде өкшесін жарақаттап алған болатын. Сол жарақатына байланысты ел біріншілігіне қатыса алмайтыны белгілі болды.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Қ. Бүйенбай