ҚР Кубогы. "Тараз" - "Шахтер"

ҚР Кубогы. "Тараз" - "Шахтер"

Санаулы минуттардан кейін футболдан Қазақстан кубогының финалдық кездесуі басталады. Ел кубогын «Астана-Арена» стадионында «Тараз» бен «Шахтер» сарапқа салады.

Осыған дейін «кеншілер» ұжымы мен «Тараз» командасы ел кубогы жолында екі рет кездескен екен. Екі кездесуде де тараздық команданың мысы басым болыпты. Арно Пайперс командасы бүгін сол дәстүрді жалғастыруға ниетті.  

Қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар «Тараздың» жеңіске жететініне күмәнмен қарауда. Ал Еуропа Лигасы аясында «Астана-Аренада» өнер көрсетіп келе жатқан «Шахтердың» жеңіске жететініне шүбә келтірмеуде. «Тараздың» жеңісіне –7,98 коэффицент, тең ойынға – 6,05 коэффицент, «Шахтер» жеңісіне – 1,22 коэффицент беріп отыр. 

Финалдық кездесуді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тамашалайды деп күтілуде. Сонымен қатар құрметті қонақтардың қатарында УЕФА президенті Мишель Платини, УЕФА вице президенті Григорий Суркис , Ресей футбол одағының президенті Николай Толстых т.б.бар.

Командалардың кездесу алдындағы құрамы:

«Шахтер» (Қарағанды): Александр Мокин, Андрей Порываев, Алдин Джидич, Никола Василевич, Сергей Малый, Александр Симчевич, Геворг Казарян, Рохер Каньяс, Гедиминас Вичюс, Андрей Финонченко және Сергей Хижниченко.

«Тараз»: Рамиль Нұрмұхаметов, Дмитрий Евстигнеев, Ерсін Мехмедович, Мақсат Әмірханов, Андрей Шабаев, Шерхан Бауыржан, Абдуллаи Диакате, Эдуард Сергиенко, Константин Заречный, Тити Эссомба және Мирослав Лечич.

Финалдың жоғары деңгейде өтуі мен жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлау мақсатында түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылуда. Солардың бірі – алаңдағы үзіліс сәтінде екі жол талғамайтын автокөлік ұтыс ретінде ойнатылмақ. Тағы бір ерекшелік – жеңімпаз атанған командаға Чемпиондар Лигасының финалындағыдай Кубок арнайы трибунадан табысталады.

Кездесу Астана уақытымен сағат 16:30-да басталады. Ойынды тікелей эфирде «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай аласыздар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай