«Қайрат» құрамын жаңартпақ

«Қайрат» құрамын жаңартпақ

Ел премьер-лигасының қола жүлдегері алматылық «Қайрат» жаңа құрам жасақтау мақсатында футболшыларға қызығушылық таныта бастады. Бас бапкер Владимир Вайсстың бір ойлағаны бар шығар...

Осыдан бірнеше күн бұрын Владимир Вайсс командасы алдағы трансфер кезеңінде Қазбек Гетериев, Антон Землянухин, Руслан Сахалбаев, Рауан Сариев және Тимур Байжановты сатылымға қоятынын жариялаған болатын. Ал бүгін Илья Калинин мен Владислав Нехтийді жалға беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Стюард Дафф, Даниэль Аддо, Виталий Ли және Ильдар Шайхесламов пен «Қайрат» арасындағы келісім-шарт мерзімі аяқталды.

«Қайрат» «кеншілер» қатарындағы премьер-лиганың үздік жартылай орталық қорғаушысы Никола Василевичке, еурокубок жолында өзін жақсы қырымен көрсете білген Роджер Каньясқа қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, «Тобыл» көшбасшысы Нұрбол Жұмасқалиевты да өз қатарларынан көргісі келетіндіктерін жасырмай отыр. Ал бұл маусымда «Астана» сапында көзге түсе алмаған талантты «Тараз» командасының түлегі Бауыржан Исламханды командаға қосуына ниетті. Біз осыған дейін жартылай қорғаушының Йоан Андоне командасымен болған келісім-шартының аяқталғанын хабарлаған болатынбыз. Футбол мамандары Бауыржанның болашағы алда екенін алға тартуда. Ресейлік «Кубань» командасымен 3 жылдық келісім-шартқа отырған Қазақстан жастар құрамасының белді футболшысының «Қайратқа» жалға келуі алдағы уақыттың еншісінде.

Естеріңізге сала кететін болсақ, «Қайрат» келер жылы Еуропа Лигасында ел намысын қорғайтын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, vk.com

Ө. Сансызбай