Головкин vs. Стивенс. Кездесуден соң...

Головкин vs. Стивенс. Кездесуден соң...

Өткен сенбі күні АҚШ жерінде өткен WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионатында америкалық Кертис Стивенсті тізе бүктірген қазақстандық Геннадий Головкиннің (28-0, 25 КО) бапкері Абель Санчес кездесу кезінде америкалық боксшының өз шәкіртіне біраз қиындық тудырғандығын мәлімдеді. Осыған байланысты ол алдағы уақытта Головкинге берілетін тапсырмаларының көбейетіндігін де айта кетті. Алайда Санчес Генаның көрсеткен өнеріне көңілі толғандығын айтып отыр.   

«Стивенс біз күткеннен де мықты болып шықты. Геннадийдің кейбір тұстары жөнінде әлі де тыңғылықты жұмыс жасауымыз қажет. Мысалы, оның шыдамдылығы мен соққыларының бағыты жөнінде. Головкин өзінің жанкүйерлері үшін Стивенске үлкен қиындық туғызуға барын салды, дегенмен оның бұл ойы толықтай ақталған жоқ. Алайда бастысы біз жеңіске жетіп, жұмысымызға үлкен материал қорын жинадық», – деп келтіреді Санчес сөзін батыстық БАҚ.

Ал кездесуге дейін Головкинге қатысты әртүрлі мәлімдеме жасаған, нәтижесінде кейін рингтен жеңіліске ұшыраған боксшы ретінде түскен Стивенстің пікірі мынадай: «Менің ұялатын еш нәрсем де жоқ. Мен көпшілік күткеннен де тамаша өнер көрсеттім. Мен тіпті жеңілсем де, жеңімпаз атанған боксшылардан артық өнерімді паш ете алдым. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімнен сабақ алып, міндетті түрде шаршы алаңға қайта ораламын».

Сонымен қатар, бұл кештен соң аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, британдық боксшы Леннокс Льюис те қос боксшы арасындағы жекпе-жекке өз бағасын бере кетіпті: «GGG бұл кеште өзін жайға ғана панчер (жекпе-жек спорт түрлерінде «панчер» деп ауыр соққылардың иесі және де нокаутер спортшыны айтады) еместігін дәлелдеп берді. Головкин техникалық жағынан нағыз шебер және ақылды боксшы», – деп мәлімдеді Льюис.

Қазақстандық боксшы өзінің келесі кездесуін 1 ақпанда Монаконың Монте-Карлосында өткізеді.

Промоутер Том Леффлердің сөзінше, Головкиннің қарсыласы WBA суперчемпионы, америкалық Андре Уорд немесе IBF және WBC чемпионы Карл Фроч болуы ықтимал. Олардың екеуі де екінші жартылай салмақта (76,2 келіге дейін) өнер көрсетеді.

Ал Головкиннің өзі болса аргентиналық Серхио Мартинеспен кездесуге үмітті: «Менің барлық жанкүйерлерім бұл жекпе-жекті қалайды. Оның ішінде мен де»,-дейді Гена.

Естеріңізге салсақ, GGG осыған дейін де Монте-Карлода бір кездесу өткізген еді. Головкин 2013 жылдың 30 наурызында өткен жекпе-жекте жапон Нобухиро Ишиданы үшінші раундта нокаутқа жіберген болатын.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: kazsporttv.kz 

Б. Қосмағамбет