Суарес: "Реалға ауысу ойымда жоқ"

Суарес: "Реалға ауысу ойымда жоқ"

«Ливерпуль» командасының шабуылшысы Луис Суарес «Реалға» ауысу жайлы ойының жоқ екенін жеткізді. Бұл туралы футболшы уругвайлық Sport 890 радиостанциясына берген сұхбатында мәлімдеді.

Қаңтар айында Суарес «корольдік клубқа» ауысады деген сыбыс тараған болатын. Бұл туралы «Реалдың» бұрынғы президенті Рамон Кальдерон да мәлімдеген-ді. Алайда кеше отандық радиостанциясына берген сұхбатында футболшы бұл сыбыстың жалған екенін жариялады.

Ағылшын премьер-лигасы өте қызықты, және тартысты. Стадиондағы жанкүйерлерімнің қолдауы мені қанаттандырады. Келер маусымда да «Ливерпуль» сапында өнер көрсететініме шүбә келтірмеймін. Ал «Реалға» ауысу мүлде ойымда жоқ – деді шабуылшы.

Сонымен қатар, Луис Суарес «Алтын доптан» үміткер 23 футболшының тізіміне енген. Алайда бұл туралы футболшының өзі:

Мені ФИФА-ның осындай тізімге қосқанына ризамын. Ал шын мәнінде таңдауды маған ұсынса, Месси, Криштиану Роналду және Рибериді таңдар едім – деді Суарес.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін 10 кездесуден қуылған уругвайлық шабуылшы бұл маусымда ағылшын премьер-лигасында 5 кездесу өткізіп, 6 гол соғып үлгерді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: gigafootball.net

Ө. Сансызбай