Роналду ФИФА-ға өкпелеп қалды

Роналду ФИФА-ға өкпелеп қалды

«Реал» футбол клубының жартылай қорғаушысы Криштиану Роналду алдағы уақытта Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұйымдастыратын түрлі деңгейдегі марапаттаулар мен салтанатты кештерге қатысудан бас тартуы мүмкін.

Португалияның әйгілі футболшысының мұндай қадамға баруы бір апта алдын ФИФА президенті Йозеф Блаттердің Оксфорд студенттерінің алдында Роналду мен Мессиді салыстыра сөйлеген сөзінен кейін орын алып отыр.

- Месси – кез келген ата-ананың осындай балам болса деген арманы, алаңда бейне бір билеп жүргендей өнер көрсетеді. Ал Роналду ойыны мүлде бөлек. Ол өзін алаңда көшбасшы (командир) сезінгісі келеді. Сонымен қатар, ол көп уақыты мен ақшасын сұлулық салонына жұмсайды. Дегенмен «Алтын допты кім алатынын білмеймін. Меніңше, Месси алуға тиіс. Бірақ ол менің қолымда емес – деп мәлімдеген Оксфорд университетінің студенттеріне.

77 жастағы Йозеф Блаттер мырзаның ащы сөзі Роналдудың шамына тиіп кетсе керек. Жартылай қорғаушы  өзінің фейсбугтегі парақшасында бұл мәлімдемеге жауап ретінде ФИФА-ның қартайып қалған басшысына денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Блаттер кешірім сұрағанымен, Роналду алда келе жатқан «Алтын доптың» марапаттау рәсіміне қатыспауы мүмкін. Футболшы өзін-өзі тізімнен сызып тастауға шешім қабылдап отыр. Сонымен қатар, Ла-Лиганың 11 тур ойындарында Роналду «Севильяға» қарсы кездесуде хет-трик авторы атанып, ФИФА президентінің мәлімдемесіне орай алаңда өзін нағыз көшбасшы (командир) ретінде жанкүйерлеріне әскери тағзым да жасады.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Криштиану Роналду осыған дейін мадридтік "Реалдың" үздік 5 сұрмергенінің қатарына енген болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: goal.net.ua

Қ. Бүйенбай