Серена Уильямс WTA қорытынды турнирінде топ жарды

Серена Уильямс WTA қорытынды турнирінде топ жарды

Американдық теннисші қыз Серена Уильямс қытайлық Ли Наны тізе бүктіріп, WTA қорытынды турнирінде жеңіске жетті.

Дегенмен матчтың бірінші сеті «Аспанасты елі» спортшысының айқын басымдылығымен аяқталды. Ли На жинаған барлық ұпайына үш-төрт соққыдан артық жұмсаған жоқ. Оның орындауындағы алғашқы брейк үшінші геймде орын алып, одан кейінгі есеп 5:1 болып тіркелді.

Серена тек өз ойынын жетінші геймде ғана тауып, нәтижесінде екі бірдей сетболды өз пайдасына құтқарып қалды (5:2). Бірақ одан кейін қытайлық теннисші Серенаға еш мүмкіндік бермей, сетті өз пайдасына аяқтады. Оның бірінші сетте көрсеткен статистикасы келесідей: Допты бірінші мүмкіндікте іске қосу – 30%, қателіктер саны – 8, торға шығып ойнау – 5-те 5, яғни 100%.     

Екінші сеттің бірінші геймі матчтағы ең ұзаққа созылғаны болып тіркелді. Қос теннисші кордта 12 минут бойы өзара жеңімпазды анықтай алмады. Кейін белгілі болғандай, бұл гейм шешуші мәнге де ие болды. Ақыры геймді Серена өз атына жазып, осыдан кейін ол матч тағдырын шындап өз қолына ала бастады. Бұл сетте Ли На тек бір рет брейк жасаса, қалған геймдердің барлығы да американдықтың пайдасына шешілді. Осылайша екі сет бойынша есеп 1:1 болып теңесті.

Теннисшілерді алда матч және турнир жеңімпазын анықтайтын үшінші сет күтіп тұрған еді. Алайда Ли Наға бұл кезеңде бар күшін салып ойнауға екінші сетте жіберген қателіктерінен пайда болған психологиялық қысым мен сарқылған күші еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде ол өте көп мөлшерде қателіктер жіберіп, тіпті қарапайым әлсіз соққыларды да қайтара алмай жатты. Ал Серена болса матчты бірқалыпты деңгейде өткізіп, ақырғы нәтижені 6:0 есебімен өз пайдасына аяқтады.  

Осылайша Серена Уильямс WTA қорытынды турнирінде төртінші рет жеңіске жетіп отыр. Одан бөлек, ол финалда екі рет қарсыластарына жол бергендігін де айта кетейік. Ал Ли болса өз мансабы жолында алғаш рет финалдық матчқа жолдама алған еді.    

Жыл қорытындысында Уильямс әйелдер арасында әлемнің бірінші ракеткасы атағын өзіне қайтарып алды. Ал оның 2013 жылдағы турнирлерде тапқан табысы 12,3 миллион долларды құрап, жүлде қоры жағынан әйелдер теннисіндегі әлемдік рекордты жаңартты (бұрынғы рекорд 2012 жылы 7,9 миллион долларды еншілеген беларусь қызы Виктория Азаренкоға тиесілі болған еді).  

С. Уильямс (АҚШ) - Ли На (Қытай)  2:6, 6:3, 6:0

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ria.ru

Б. Қосмағамбет