Біржан мен Жәнібек – ақтық сында!

Біржан мен Жәнібек – ақтық сында!

Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 49 келі салмақ дәрежесіндегі Біржан Жақыпов жартылай финалда кубалық Йосбани Вейтиа Сотоны тізе бүктіріп ақтық сынға жолдама алды.

Алғашқы раундта кубалық былғары қолғап шебері жерлесімізді қыспаққа алып, тығырыққа тіремек болды. Алайда Йосбани Вейтиа Сотонының бұл ойы жүзеге аспады. Қазақстан құрамасының тіс қаққан боксшысы бар тәжірибесін салып бақты. Бұл әсіресе екінші, үшінші раундта анық байқалды. Қарсыластың соққысын күте жүріп, қарымта шабуылда сәтті өнер көрсеткен жерлесіміз сүрінбей ақтық сынға жолдама алды. Енді оның финалдағы қарсыласы – алжирлік Мохаммед Флисси.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін 75 келіде сынға түсетін Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы ағылшын Энтони Фаулер жарақатына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартып, жерлесіміз финалға жолдама алған болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: chm2013.kfb.kz

Ө. Сансызбай