Берік Луистен айласын асырды

Берік Луистен айласын асырды

Қазақ боксшысы Берік Әбдірахманов Алматыда өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. 

Ширек финалдық кездесуде 60 келі салмақта өнер көрсететін қазақ спортшысы венесуэлалық Луис Диазбен кездескен болатын. Алғашқы раундта қазылар алқасының екеуі венесуэлалық боксшының басымдылығын мойындаса, екінші раундта отандық былғары қолғап шеберіміз батыл қимылдап, нәтижесінде қазылар алқасының бір ауыздан басымдылығын алды. Үшінші раунд Диаздың пайдасына 2:1 болып аяқталған болса да, үш раундтың қорытындысы бойынша Берік жеңімпаз атанды. 

Қоса отырсақ, ертеректе Алматыда өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына тағы жеті боксшымыз шыққан болатын: Біржан Жақыпов (46 келі салмақ) Пуэрто-Рико өкілі Антони Чакона Риверуді жеңсе, Қайрат Ералиев (56 келі салмақ) сенсациялық түрде Олимпиада чемпионы кубалық Робейси Карразануды тізе бүктірсе, Мерей Ақшалов (64 келі салмақ) қырғыз боксшысы Ермек Сәкеновтің алдын орап кетті, ал Жәнібек Әлімханұлы (75 келі салмақ) румын спортшысы Богдан Джуратониден айналып өте алды. 64 келі салмақта өнер көрсететін Елеусінов Италия елінен келген Винченцо Манчикапреден басым түссе, Әділбек Ниязымбетов үндістандық Сумит Сангвамен жұдырықтасып, жартылай финалға шықты... Аса ауыр салмақта бокстасатын Иван Дычко (91 келі салмақ) қарсылассыз жеңіске жетті. Өз кезегінде, Иванның қарсыласының медициналық тексерістен өте алмай қалғанын айта кеткіміз келеді. 

Естеріңізге сала кететін болсақ, бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионаты 14 қазан күні басталған болатын. 26 қазанда мәресіне жетеді.

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

сурет: vk.com


Л. Лига