Мерей мен Жәнібек - жартылай финалда!

Мерей мен Жәнібек - жартылай финалда!

Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында тағы да қос бірдей былғары қолғап шеберіміз жартылай финалға жолдама алды. 64 келіде Мерей Ақшалов қырғыз Ермек Сәкеновты оңай жеңсе, 75 келідегі ең боксышымыз Жәнібек Әлімханұлы румын Богдан Журатонидан басым түсті.

Алғашқы раундты қос қарсылас бір-бірін аңдумен өткізді. Тек бір-екі оңтайлы тұста ғана Мерей өз соққыларын тигізіп үлгерді. Екінші раунд пен үшінші раундтағы уақыт қырғыз былғары қолғап шеберінің ереже бұзуымен-ақ сырғып өтті. Қырғыз елінің атынан сынға түскен боксшылардың соңғысы да жарыс жолынан шықты. Мерей қарсыласын сенімді түрде тізе бүктірді.

Жәнібек алғашқы раундта ширақ қимылдады. Қорғаныста жүріп, қарсыластың осал тұсын таба білді. Алайда екінші раундта жерлесіміз шаршаңқы сыңай танытты. Тәжірибелі Богдан мұндай сәтті өз пайдасына шеше де білді. Раунд қорытындысы бойынша қарсылас басым болып шықты. Үшінші раундта тағы шабуылда өнер көрсетуді жөн көрген румын боксшысы Жәнібектің дөп соққыларына тап болды. Осылайша Жәнібек жартылай финал мәселесін шешті.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін Біржан Жақыпов пуэрто-рикалық Энтони Чаконды, Қайрат Ералиев Лондон Олимпиадасының чемпионы кубалық  Робейси Карразанды жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай