Біржан жартылай финалға шықты (видео)

Біржан жартылай финалға шықты (видео)

Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 49 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Біржан Жақыпов алғаш болып жартылай финалға жолдама алды. Ол Пуэрто-Рикадан келген Антони Чакон Риберуды сенімді түрде жеңді.

Алғашқы раундтан бастап-ақ Біржан өзінің мол тәжірибесін ортаға сала білді. Жас қарсылас шабуылда өнер көрсетемін деп соққының астында қалып жатты. Екінші раундта Чакон Риберу барын сала жұдырығын сермегенімен, соққылары ауа қармаумен болды. Үшінші раунд Біржанның айқын жеңісінің көрінісі болды. Осылайша 49 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Біржан Жақыпов ұлттық құраманың қоржынына бір медальды салып үлгерді десек болады. Енді оның қандай жүлде болары алдағы уақыттың еншісінде. Жерлесіміздің жартылай финалдағы қарсыласы – кубалық боксшы Йосбани Вейтиа Сото. 


Естеріңізге  сала кететін болсақ, бүгін шаршы алаңға барлық былғары қолғап шеберлеріміз көтерілетін болады.

Ө. Сансызбай